2015 жылдың 24 наурызы күні Париж қаласында (Франция) Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен ЮНЕСКО-дағы түркітілдес елдердің тұрақты өкілдерінің ұйымдастыруымен ЮНЕСКО штаб-пәтерінде барша түркі әлемінің ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған концерттік кеш өтеді.
Наурыз мерекесі – барлық түркітілдес халықтардың басын біріктіретін, түркі мәдениетінің құндылықтарын әлемге паш ететін ата-бабадан қалған мәдени мұра. Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ жыл сайын Наурыз мерекесіне арналған концерттік кештер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Наурызға арналған мерекелік кеш 2015 жылдың 5 қаңтарында ТҮРКСОЙ штаб-пәтеріне ресми іс-сапармен келген ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Боковамен Халықаралық Наурыз мерекесін өткізуге байланысты жасалған келісім бойынша өтеді.
Айтулы халықаралық шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекістан, Түркіменстан, Молдова, Моңғолия, сондай-ақ, Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртостан, Алтай, Тува, Саха-Якутия, Хакасия, Дағыстан сынды елдерден 100-ден астам талантты өнерпаздар қатысады. Сонымен қатар Қазақстан халық әртісі Роза Рымбаева, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Асылым» халықтар биі ансамблі өз өнерлерін көрсетеді.
Мерекелік шараның аясында ТҮРКСОЙ-дың «Наурыз бояулары» атты фотокөрмесі өтеді деп жоспарлануда.
по материалам: mk.gov.kz