Алматыда 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасының тұсаукесері өтті

30.03.2015 14:40 1985

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасының  тұсаукесері өтті.

ХХІ ғасыр, ғаламдану заманында, жан-жақты негізделген тіл саясаты – еліміздің орнықты дамуының басты кепілдіктерінің бірі деп батыл тұжырымдауға болады.

«Қазақстан - 2050» стратегиясы Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай бай терминологиялық қорын жасаған соң, оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек» – деп, атап өтті.

Елбасының тапсырмасы орындалып, қазақ тілінің терминологиялық қоры жасалды.

2012-2014 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы негізінде Педагогикалық Ғылымдар Академиясы 1999-2000 жылдары жарық көрген сөздіктерді әрі қарай жетілдіру және толықтыру жұмыстарын жүргізіліп, ғылым мен техниканың, өндіріс пен мәдениеттің барлық салаларын қамтыйтын 30 томдық салалық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасы әзірленді. Басты мақсат бұрын жарық көрген  сөздіктер топтамасын сараптамадан өткізіп, өңдеп, әр томдағы терминдер санын 9000-ға, тіпті 11-12 мыңға дейін толықтыру болды.

Сөздіктер топтамасын «ҚАЗакпарат» баспа корпорациясы басып шығарды.

30 томдық сөздіктер топтамасын дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми–зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты ат салысты. Жалпы 350-дей адам жұмыс жасады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары барлық  авторлық ұжым мүшелерімен бірлесе отырып еңбек етті. 

Авторлық ұжым мүшелері өз сөздіктерін дайындап болғаннан кейін  жақын салалар анықталып, топтастырылып, ортақ талқылау жұмыстары жүргізілді. Жалпы осындай отырыстарда 20000-ға жуық термин талқыланды. Әр талқылауға 20-30, кей отырыстарға 35-40 адам қатысып отырды. Осынша терминдерді талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, 10-11 ай уақыт жұмсалды.

Бұл сөздіктерде қазақ ұлтына ғана тән салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге қатысты, өзге тілдерде, соның ішінде орыс тілінде мүлдем кездеспейтін көптеген термин-сөздер олар орыс тіліне аудармай, орыс тілінің орфографиясына сәйкестендірілген қазақ сөзі түрінде жүйеленіп берілген. Бұл қазақ тілінің әлем тілдерін байыта түсуге мүмкіндігінің де мол екендігін көрсетуге тырысқан талпыныс болды. Шындығында өзге тілдерде ұшырыспайтын, ал аударма-нұсқалары қазақ тіліндегі түсінігін дәлме-дәл бере алмайтын көптеген қазақ сөздері бар. Мысалы  «Бесті қымыз», «Майқуырдақ», «Айналайын», «Жігіттік», «Жеңгетайлық», «Сүйінші», «Қара шаңырақ», «Түндік», «Әмеңгер», міне осылай ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді нашықтай түсетін терминдер ретін жалғастыра беруге болады.

Жалпы терминжасам ісі – бүкілхалыққа ортақ іс. 2012-2014 жылдары «Ана тілі» газетінің 23 санында «Терминжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыппен 2500-нан аса термин жарияланды. Сөздіктер Академия сайтына ілініп, талқылауға ұсынылған.

Сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген сала мамандары мен ғалымдары, тілші ғалымдар, Республикалық терминологиялық комиссия мүшелері бірлесе отырып атқарған және жалпы жұртшылық пікірі ескеріле отырып дайындалған осындай көлемді жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық ғылыми терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне нақты негіз қаланды.

Алдағы уақыттарда салалық терминологиялық сөздіктер жасайтын ғалымдар мен мамандар тыңнан сүре салмай, осы қорды негізге алып, оны жетілдіріп, толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізетін боса, онда қазақ тілі шын мәнінде өркениетке иек артқан, қай уақытта болмасын заман талабына сай дамып-жетіліп отыратын тілдердің санатында болар еді. Бұл бәріміздің ортақ асыл арман-мұратымыз емес пе?!

      

по материалам: www.mk.gov.kz