Ескішаһарда Төртінші кеңес өтті

30.09.2013 17:46 2010

Биылғы жылы 2-3 қыркүйек аралығында Түркияның Ескішаһар (Эскишехир) қаласында ТҮРКСОЙ-ға  мүше елдердің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялары мен комитеттерінің Төртінші кеңесі өтті. Кеңесте төрт мәселе: материалдық емес мәдени мұра, мәдени және табиғи мұра, білім беру және ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясындағы  құжаттық мұра мәселелері бойынша секциялық семинарлар өткізілді. Оларда Қазақстан атынан ретінше Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев, «Түркі академиясы» АҚ президенті Шәкір Ыбыраев және ҚР Ұлттық кітапханасы бас директорының орынбасары Ажар Юсупова баяндама жасады.

ҚазҒЗ мәдениет институты өкілдік еткен Материалдық емес мәдени мұра (МЕММ) жөніндегі Алтыншы семинар аясында төрт мәселе: ТҮРКСОЙ МЕММ Тізіміне ұсыныстар беру және толықтыру жасау, неғұрлым басым бағыттағы көпұлттық тапсырыстарды анықтау, МЕММ және экономика, МЕММ және жастар мәселесі талқыланды. ҚазҒЗ мәдениет институтының өкілі осы орайда Түркі әлемінің МЕММ элементтері Реестріне енген Күй тартудың дәстүрлі өнерінің таныстырылымын ұсынды. Ескішаһар төрінде барша түркі елдерінен келген ғалымдар мен зерттеушілер қазақтың төкпе және шертпе күйлерінің нұсқаларын зор ықыласпен тыңдап, жоғары баға берді.

Бүгінде аталмыш Тізбеде барлығы 108 МЕММ элементі бар. Кездесуге  қатысушылар солардың ішінен алдағы Адамзаттың материалдық емес мұрасының репрезентативтік тізіміне қосуға ұсынылатын 5 бірлескен көпұлттық тапсырысты қарап, талқылады. Олар «Айтыс» өнері (Қазақстан, Қырғызстан), Киіз үй жасау өнері және оның ішкі жиһазы (Қазақстан, Қырғызстан, Башқұртстан), Орталық Азияның дәстүрлі ойындары Көкпар /Көк-бөрі, Күрес/Курош, Қыз қуу (Қазақстан, Қырғызстан), сүт ашыту арқылы тағам әзірлеу дәстүрі (Әзірбайжан, Қазақстан) және Орталық Азияның көмейден қайырып айтатын кай/хай жыршылық дәстүрі (Алтай, Хакас және Тыва Республикалары).

Кездесуге Саха (Якутия) елінен келген мұрапалы топ хомус (шаңқобыз, варган) саз аспабы арқылы күй тартып беріп, осы өнерді Репрезентативтік  тізімге қосуды ұсынды. Ұсыныс қабылданды, алайда ұсыныс беруші жақ құрамына кіретін Ресей Федерациясы ЮНЕСКО-ның МЕММ-ны сақтау, дамыту жөніндегі 2003 жылғы Конвенциясын бекітпегендіктен оны ТҮРКСОЙ атынан бірлесіп ұсыну жөнінде ұйғарымға келді (жоғарыдағы көмейден қайыру өнері бойынша да осы тәсіл қолданылатын болды). Жалпы Төртінші кеңес қалыптасқан осы жағдайды ескере келіп, ЮНЕСКО-ның алдағы Бас мәслихаты кезінде барша түркі халықтары мен елдерінің пікірін жеткізетін өзінше бір топ жасақтау туралы маңызды қарар алды.

Кеңес кезінде кеңес жұмысына төрағалық ету міндетін Қазақстан жағынан (Астана) Түркия жағына (Эскишехир) табыстау рәсімі өткізілді. Эскишехир – Түркі дүниесінің 2013 жылғы мәдени астанасы. Соған орай қалалық бақта қала уәлиі тарапынан кеңеске қатысушыларға қонақасы беріліп, қаланың тәбәрік жерлеріне серуен ұйымдастырылды. Көне Фракия жерінде орналасқан бағзымекен Осман ғазының иелігіне көшкеннен кейін мұнда бекташийя софылық тариқатын ұстанушылар қоныстанған, соған орай мешіт-медресе, ханақалар салынған. Осман ұрпақтары ескіден келе жатқан теңіз тасын (лолаташ) өндіру және ұқсату өнерін одан әрі дамытып, лолаташ бұйымдары бұл күнде туристик бренд ретінде бүкіл қаланың бойын ширатып, қанын жүргізіп отыр. Жер бедері, өсімдік дүниесі жағынан өзіміздің Қаратау сілемдерін еске салатын Ескішаһар атырабының негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Жер сүмесін еміп отырған елдің экономикалық жағдайы мығым екендігін жол бойындағы ауылдардың біздегідей быжырқай емес, оқтай түзу көшелерімен құп үйлескен күйдірген қызылқыш шатырлы үйлерінен де аңғаруға болады. Ескішаһар мен ел астанасы Анкараны заманауи жүрдек электр пойызы жалғап жатыр.      

Түркияның Ескішаһар қаласының көріністері мен кеңес отырысының суреттері http://cultural.kz/kz/gallery/view?id=13