Ғалымдар көне Түркістан қаласының Қазақ хандығының тарихында алатын орнын талқылады

03.04.2015 00:00 1643

2015 жылдың 3 сәуірінде Түркістан қаласында отандық және шетелдік тарих, филология, философия, шығыстану, заң салаларының ғалымдары, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлерінің басын қосқан «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» Халықаралық ғылыми-теоретикалық конференциясы өтті.

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» жолдауында: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие» деп ерекше атап көрсетті. Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатын көздейтін бұл мемлекеттік шараның маңызы аса зор. Елдік сана мен ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың ең тиімді де ұтымды жолы.

Конференция жұмысы ұлттық тарихымызды қайта зерделеуде ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын Түркістанның тарихын, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен оның кесенесін, кесенеде жерленген ата-бабаларымыздың өнегелі жолын насихаттауға арналған.

Халықаралық ғылыми-теориялық конференция Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.

Шара барысында қатысушылар Қазақ хандығы және Түркістан, Қазақстан тарихындағы қала мен дала, Қазақстан аумағындағы көне және ортағасырлық мемлекеттер, қазақ мемлекеттілігі және тұлғалық фактор, Қазақ хандығының тарихы деректер мен зерттеулерде, қазақ даласындағы Ұлттық пантеондар және қазақ даласындағы ғылым-білім ордалары секілді мәселелерді талқылады.

Дәстүрді бекем ұстанған еліміздің игі жақсылары, хан-сұлтандары мен би-батырлары дүниеден өтерінде өздерін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуді ұрпақтарына аманаттап отырды. Бұл биыл 550 жыл толатын Қазақ хандығының тарихындағы Түркістан қаласының алатын орнының ерекше екендігін көрсетеді.

Жалпы халықаралық конференцияға қатысуға 50-ден аса ғылыми мақалалар келіп түсті. Олар арнайы жинақта басылып шығарылатын болады.