Астанада сәуірдің 3-і мен 5-і аралығында VII «Жарқын болашақ" республикалық қазақ тілі олимпиадасы өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ресми марапаттау іс-шарасына ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Асылов қатысты.
VII «Жарқын болашақ" республикалық қазақ тілі олимпиадасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту мақсатында «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен өткізілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен Қазақстанның қоғам қайраткерлері қатысты.
Қуаныш Асылов өзінің сөйлеген сөзінде жастардың рухани-адамгершілік және азаматтық қалыптасуына, қазақстандық патриотизм, этносаралық және конфессионал аралық толеранттық рухтағы өскелең ұрпақ тәрбиесіне арналған іс-шаралардың мәні мен маңызының ерекшелігін атап өтті.
Қуаныш Асылов «Қазақстандық патриотизмді және оның негізін қалаушы факторлардың бірі - қазақ тілін дамыту мемлекеттік органдардың және барша қоғамның міндеті болып табылады. Еліміздің рухани және мәдени дамуына, халықтың бірлігі мен келісіміне арналған іс-шара өскелең ұрпақ тәрбиесінде айрықша рөлге ие» — деп атап өтті.
Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарында оқуға арналған гранттарға ие болды.