10 сәуір, 2015. Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың қатысуымен «Тіл – татулық тірегі» республикалық кеңесі өз жұмысын бастады.
Жиын жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрі және министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ өкілдері, облыстардағы Тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, Астана, Алматы қалалары және өңірлердегі Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының басшылары, жеке оқыту орталықтарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердегі және ұлттық компаниялардағы Тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, институттар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Республикалық кеңес Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың кіріспе сөздерімен ашылды.
Кеңес барысында «Тілдердің үштұғырлығы», Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы, республикадағы Тілдерді оқыту орталықтарының жұмысындағы жетістіктері мен проблемалары талқыланып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зухра Саяпова, Оразгүл Асанғазықызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов, «Нұрорда» қазақ-түрік лицейінің директоры Орхон Өзтомсуқ, ҚР Мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрова және басқалар сөз сөйледі.
Еліміздегі тіл саясаты Конституциядан бастау алған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында балалар әдебиеті, сөздік, оқу-әдістемелік құрал, әлемдік классикалық шығармалар мен танымдық энциклопедиялық анықтамалықтар шығарылды. Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа тілдерін, соның ішінде мәдени ұлттық орталықтардың жексенбілік мектептері арқылы ұлттық тілдерді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Министр А. Мұхамедиұлы Министрліктің тілдерді дамыту саласын үйлестіруді жүзеге асырушы орган ретінде бірқатар нәтижелі жұмыстар жүргізгендігін атап өтті. Еліміздегі мемлекеттік тілдегі құжат айналымы, мемлекеттік тіл оқыту орталықтары жұмысына, терминологиялық қорды дамыту, реттеу саласына, мемлекеттік тілде хабар таратудың көлемі, ономастика саласына қатысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жұмыстарына тоқталып өтті.
Жиын қорытындысы бойынша «Тіл – татулық тірегі» республикалық кеңесінің қарары қабылданды. Қатысушылар Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін салиқалы тіл саясатын дамыту мен жетілдіруге ат салысатындығын жеткізді. Қарарда Тіл татулықтың, достықтың тетігі, тәрбиенің қайнар көзі, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру жұмыстарын жалғастыру маңыздылығы көрсетілген.
Сондай-ақ, шара аясында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған өнімдер және өңірлік оқыту орталықтарының жетістіктерін таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды.
Отырыс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев тілдерді дамыту саласын үйлестіру мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
по материалам: www.mk.gov.kz