2015 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде хәкім Абайдың (Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтті.
Шараға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
«Кемеңгер ойшыл Абайдың (Ибраһим Құнанбайұлы) туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған «Абай мұрасы» атты бүгінгі конференция осы атаулы іс-шараның беташары деуге лайық. Бұл ғылыми жиынның ортаға салар ойыкөп, өрісікең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол болады деп үміттенеміз», - деді конференцияда Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
Конференция кезінде абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Т.Жұртбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанқара Дәдебаев, тарих ғылымдарының докторы, академик Оразақ Смағұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сынды белгілі ғалымдар ақын мұрасы жайлы арнайы баяндама жасады.
«Абай энциклопедиясын қайта жазу керек. Себебі ол ескі көзқараспен жазылған. Абайда «жан тану» және «толық адам» ілімі бар. Бұл соңғы кезде ашылған. «Жан тану» ілімін ашпайынша біз Абайдан құтыла алмаймыз. «Толық адам» ілімін шешпейінше біз Еуропаның алдына түсе алмаймыз. Еуропа қазір теріс жолға кеткендіктен мінез-құлқы өзгеріп отыр. Біз үшін Еуропадан алатын рухани ештеңе жоқ. Ал бізде Абай ілімі бар», - деді жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов.
Басқосу барысында Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдеріне аударылған туындылары және ақын жайлы бейнефильм көрсетіліп, Ұлттық музей қорындағы Абай портреттерінен шағын көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Абай оқулары байқауының жеңімпаздары ақынның қара сөздері мен өлеңдерін оқыса, әншілер Абайдың әндерін шырқады.
по материалам: mk.gov.kz