18 мамыр, 2015. Астана. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» акциясы өтеді. Шара Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылуда.
Акция 15 мамырда жастарға арналған Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы және еліміздегі музей ісінің өткені мен бүгіні туралы флэшмобпен басталды.
«Музейдегі түн» шарасына жиналған жұрт «Қазақ батырлары» атты арнайы театрландырылған экскурсияны тамашалап, әртүрлі тақырыптық көрмелерге куә болады. Сонымен қатар, сала мамандарының дәрістерін тыңдап, жауһар жәдігерлер мен тарихи артефактілерге қатысты бейнероликтер, деректі фильмдер тамашалап, викториналық ойындарға қатысады.
Бұған қоса, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры актерлерінің соғыс туралы спектаклін тамашалап, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен магистранттарының «Алтын адам туралы аңыз» атты қойылымын көреді.
Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына ерекше назар аударылады. Атаулы даталар интерактивті жобалар арқылы жан-жақты насихатталады.
Еске салып кетсек, «Музейдегі түн» шарасы алғаш 1997 жылы Германияда «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен өткізілді. 2001 жылы бұл идеяны Париждегі Лувр музейі қолдап, кейіннен ол әлемнің көптеген музейлерінде дәстүрлі түрде өткізіле бастады. 2014 жылғы 2 шілдеде Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» халықаралық акциясы биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
по материалам: www.mk.gov.kz