10-11 қазан күні Алматы қаласында Қазақстан мәдениетінің әлемдік мәдениет кеңістігіне кірігуі: серпіні мен бағыттары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылыми жиынға Ресей, Қырғызстан, Түркия, Украина сынды елдерден келген ғалымдар мәдениет саласын зерттеп жүрген қазақстандық ғалымдармен бірлесіп, қазіргі заманғы отандық мәдениеттің әлемдік мәдениетпен ықпалдастығы және байланысы турасындағы тәжірибелік және теориялық мәселелерді талқылады.
Соның ішінде:
- Ұлттық мәдениет дамуының қазіргі заманғы интеграциялық процестері дамуының теориялық және тәжірибелік мәселелері;
- Қазақстанның мәдениет саясатын қоғамның ақпараттық дамуы және жаһандану контексінде жүзеге асыру;
- Қазақстан мен басқа да елдердің әлемдік мәдени кеңістікке ықпалдасуы мен өзара байланысы тәжірибесі;
- Қазақстан мәдениетіндегі инновациялық процестер сынды мәселелер талқыланды.
Пленарлық отырыста ҚР МАМ Мәдениет комитетінің Бас сарапшысы Молдабергенова Жанат Сейдоллақызы, Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат сөз сөйлеп, философия ғылымдарының докторы, Алматы Энергетика және байланыс университетінің профессоры Сәбит Мұрат, Түрік Республикасы Елшілігінің Мәдениет және ақпарат істері жөніндегі атташесі Нильгюн Қылышарслан, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам өз баяндамаларымен ортаға шықты.
Сонымен бірге, Ресейден (Мәскеу) келген ғалым, тарих ғылымдарының кандитаты, Мәдениет саясаты институтының директоры Михаил Борисович Гнедовский «Еуропадағы және посткеңестік кеңістіктегі мәдениет саясатының негізгі модельдері» атты баяндамасын жұртшылыққа ұсынды. Ол еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, мынадай негізгі векторлардың барын атап көрсетті:
- Унитарлық модель: мәдениет әмбебап құндылық ретінде (1950 жылдар);
- Плюралистік модель: мәдениет көптеген қосымша мәдениет түрі ретінде (1968-1970 жылдар);
- Инструменталды модель: мәдениет даму құралы ретінде (1980-1990 жылдар);
- Инновациялық модель: мәдениет шығармашылық ретінде (2000 жылдар).
«Мәдениет» Шығыс серіктестігі бағдарламасын институционалды дамыту мен мониторинг бюросының Мәдениет потенциалын институционалды дамыту жөніндегі сарапшысы (Украина, Киев) Белецкая Татьяна Федоровна посткеңестік мәдени кеңістікке тән негізгі мәселелерді атап көрсетіп, өзі атап көрсеткендей, серіктестіктің жұмыс тәжірибесі бұл аталған проблемаларды шешуге көмектесетінін баса айтты.
Оның ішінде, реформалар мен өзгерістерге стратегиялық/ жүйелік тәсілдің жетіспеуі, мәдениет пен оның потенциалдық рөлін түсінбеу/ түсініктің таяздығы, қатысушы елдердің заманға бейімделу үдерістерін жүзеге асыру, аймақтар мен астаналардың, қалалар мен ауылдық жерлердің арасындағы алшақтық, материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтап, орнымен пайдалана білетін кәсіби мамандардың жетіспеуі, заманауи мәдени нысандарды елеп-ескермеушілік, мәдени индустрияның дамуына назар аудармау және нәтижелі кәсіби одақтардың жоқтығы сияқты креативтің болмауы сынды мәселелер сөз болды.
Беларустік тәжірибені көпшілікке ұсынған Минск қаласындағы Л.Щемелев атындағы көркемсурет туындылары галереясының директоры Бембель Татьяна Олеговна өз елінің соңғы 20 жылдағы арт-жобаларды шығармашылық тұрғыдан зерттеу жұмыстары мен кураторлық тәжірибелері ғылыми зерттеулерді басып озғанын жеткізді.
Қырғыз елінен келген Қырғыз мемлекеттік құрылыс университетінің аға оқытушысы Қапалова Алтын Әбдіқадырқызы Орта Азия әйелдері бейнесінің қазіргі заманға бейімделуі турасында сөз қозғап (қырғыз мәдениетін мысалға ала отырып), қазіргі таңда әйелдердің ана, әйел ретінде мойнында үлкен жүк бар екенін баса айтты. Қазіргі қырғыз қоғамында әйелдер бұрынғы қалпын сақтап қалған. Соңғы жүзжылдықта олардың қоғамдағы белсенділігі артты дегенге қарамастан, қалың жұртшылық нәзік жандылардың ғасырлар бойы қалыптасқан бейнесін сақтап қалғанын қалайды. «Қазіргі кезде әйелдер қоғамдық өмірге белсенді араласқанымен, психологиялық тұрғыдан іштей арпалыста. Себебі олардың басты мақсаты – отбасындағы рөлі екінші кезекке қалып барады», - деді ол.
Осы сияқты көптеген қызықты баяндамалар аясында пікірталастар туындап, конференция барысында талқыға түсті. Қазақ мәдениетінің қазіргі даму деңгейі, оның әлемдік мәдени кеңістікке өз тұрпатын сақтай отырып кірігуі сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Конференцияға келіп түскен баяндамалардың толық нұсқасы арнайы жинақ болып жарыққа шығады. Назарларыңызға ғылыми жиынның фотоесебін ұсынамыз: http://www.cultural.kz/ru/gallery/view?id=16