26 мамыр, 2015. Астана. Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
«Бүгін біз Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысын өткізгелі отырмыз. Алдымызда, 4 маусым мемлекеттік рәміздер күні келе жатыр. Отанды қастерлеуге және елді құрметтеуге арналған бұл күннің мәні зор деп білемін. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған 5 халықтық реформаның ұлттық жоспарындағы 100 нақты қадамды іске асыруда ең әуелі халықтың бірлігі мен татулығы, отаншылдық қасиеті аса қажет. Сондықтан комиссия отырысы шешімдерін ұдайы бақылауда ұстап, біз мемлекеттік рәміздерді заңнама аясында орынды қолдану, оны халыққа насихаттау жұмысын әрдайым орындап отыруымыз қажет», - деді отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова.
Комиссия отырысында қорғаныс, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, сонымен қатар Астана қаласы мен Атырау облысының мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Аталған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың осы маңызды идеологиялық саладағы жұмысына жан-жақты әрі терең талдау жасалды.
Мемлекеттік хатшы уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларының назарына мемлекеттік рәміздер туралы заңнамалардың бұзылуына жол бермеу, ішкі бақылауды ұдайы қамтамасыз ету, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау саласына бақылауды күшейту мәселелеріне тоқталды.
Кездесу жұмысына сонымен қатар ҚР Президент Әкімшілігінің орынбасары А. Балаева, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов, т.б. мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.
по материалам: mks.gov.kz