28 мамыр, 2015. СҚО. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Ресей Федерациясы Омбы облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы Виктор Назаров бастаған делегация «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенін аралап шықты.
Ресейлік әріптестерін СҚО әкімі Ерік Сұлтанов, Мәдениет, мұрағат және құжаттама облыс басқармасының басшысы Рустам Бикенев, сонымен қатар мұражай кешенінің қызметкерлері қарсы алып, экскурсия жетекшілері қонақтарға көрнекі тарихи тұлға – Абылай хан өмірі, оның отбасысы, соғыстары мен қазақ дипломатиясының негізін қалауға салған үлесі туралы баяндап берді.
Делегация мұражайдың барлық төрт залын аралап шығып, Қазақстанның XVIII ғасырдағы аса көрнекті тұлғасының өмірлік жолы мен саяси қызметіне ерекше көңіл аударды. Олар экскурсия жүргізушілерге сұрақтарын қойып, экспонаттарды қызығушылықпен қарады. Кешенді аралап болған соң, Омбы облысының губернаторы м.а. Виктор Назаров қонақтар кітабында өз тілектерін қалдырды.
Еске салып кетсек, Абылай хан резиденциясын қалпына келтіру мен жандандыру жобасы 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жасақталып, жобаны іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында бірегей мұражай пайда болды.
по материалам: mks.gov.kz