ҚР Ұлттық Музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы жалғасын табуда

03.06.2015 11:45 1575

 

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорығы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайларының топтамаларынан «Тарихи жады және тағылым» атты көрмесі ашылады.

Көрмеде Отырар және оның төңірегіндегі ортағасырлық қалалар мен қалашықтардағы бірнеше жылдық зерттеулер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған керамикалық ыдыстар, қоладан, металдан жасалған жәдігерлермен бірге ғимараттарды әсемдеуге қолданылған құрылыс кірпіштері мен тақташалар, қару-жарақтар, алтын, күміс, мыс, қоладан соғылған теңгелер т. б. асыл мұралар көпшілік назарына ұсынылады.

Қайталанбас тарихи деректерді еліміздің әр аймағында дәріптеу бүгінде Отырар мұражайының жоспарлы істерінің бірі болып табылады. Бұған дейін көрме еліміздің 8 облысы мен 15 қаласында «Көне Отырар жәдігерлері", «Фараб-Отырар өркениеті", «Отырарда ойлылардың ізі қалған» деген тақырыптармен ұйымдастырылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы да 150-ге жуық жәдігерін елорда жұртшылығы мен қонақтарының назарына ұсынбақ. «Түркістан аймағының Қазақ хандығы үшін маңызы», «Хан Ордасы Түркістан», «Қазақ хандығының мәдениеті" деген бөлімдерден тұратын көрме Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында еліміздің бірнеше музейлерінде қойылатын болады.

Айта кету керек, «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында барлық аймақтық музейлер Ұлттық музейде өз көрмелерін ұйымдастыруға мүмкіндік алып отыр. Бұған дейін астаналықтар мен қала қонақтары Қарағанды, Павлодар облыстары музейлерінің құнды жәдігерлерімен танысқан еді.

«Тарихи жады және тағылым» атты көрме 4 желтоқсанға дейін өтеді.

по материалам: mks.gov.kz