ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова белгілі қазақ қаламгерлерімен жүздесті

05.06.2015 11:44 1625

 

5 маусым, 2015. Астана. Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің белгілі қаламгерлерімен кездесті.

«Көл жағасыз, ел ағасыз болмайды, дегендей сіздер ауызы дуалы, сөзі уәлі ағаларымызсыздар. Қазір барлық шығармаларыңызды айтпағанмен Әкім ағамыздың (Ә.Тарази) «Жаза» романы, Әнес (Ә.Сарай) ағамыздың «Есіл-Жайық» романы, Дулат ағамыздың (Д.Исабеков) «Қарғын» романы, Сәбит ағамыздың (С.Досанов) «20 ғасыр» романы, Нұрлан ағамыздың (Н.Оразалин)  «Ғасырмен  қоштасу» атты жинақтары біздің алтын байлығымыз. Сондықтан сіздермен жазушы ретінде ғана емес, тұлға,  қоғам қайраткерлері ретінде кездесіп, пікір алысқымыз келіп отыр», - деді кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар ол ағымдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының, ел Конституцияның 20, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, Қазақ  хандығының 550 жылдық мерейтойлары аталып өтілетін жыл екендігін еске салып өтті.

«Өздеріңіз осы тақырыптарда шығармалар жазып, пікір алмасып жүрсіздер. Ұлытаудағы Елбасымыздың берген үлкен сұхбатына да пікірлеріңізді  білдірдіңіздер. Жақында ғана Президент сайлауы болды. Бұл сайлауға да өздеріңіз атсалыстыңыздар, ел бірлігін көрсетті», - деді Г.Әбдіқалықова.

Кездесуге Нұрлан Оразалин, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Әнес Сарай, Сәбит Досанов қатысып, оның барысында авторлық құқық, қаламақы төлеу сынды мәселелер жан-жақты талқыға түсті. 

по материалам:  mks.gov.kz