Қ. Асылов: Мемлекет басшысы батыл міндеттер қойды

09.06.2015 09:59 1465

  

Ақтөбе қаласында ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Асыловтың қатысуымен Ұлт жоспары — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын талқылау бойынша кездесу өтті.

Кездесуге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары С.Қ. Нұрқатова, ғылыми-сараптамалық қауымдастық, партиялық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіпкерлер мен ғылыми интеллигенция қатысты.

Кездесу барысында Ұлт жоспарының «Бірегейлік және бірлік» атты 4 бағытын жүзеге асыру бойынша пікірлер және ұсыныстар айтылды.

Қуаныш Асылов өзінің сөзінде Ұлт жоспарын нормативті-құқықтық, ұйымдастырушылық және идеологиялық сүйемелдеу мақсатында мемлекеттік органдар кешенді шараларды жүзеге асырып жатқандығы туралы айтты.

«Баршамыздың алдымызда Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық қоғамды жаңғырту бойынша тапсырмасын орындау міндеті тұр. Интеллигенция мен жастар қауымына Ұлт жоспарында айтылған бірлік пен азаматтық бірегейлікті нығайту, қазақстандық патриотизмді дамыту қажет», — айтты Қуаныш Асылов.

Мемлекеттік органдарының өкілдері және облыс жұртшылығы Ұлт жоспары басымдықтарының маңызды екенін және оларды жүзеге асыру тетіктерін сөз етті.

Кездесу қорытындысы ретінде өңiрдiң Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша әлеуметтік саладағы негізгі міндеттері айқындалды.

по материалам: mks.gov.kz