«Көшпелілердің тарихын, этнографиясын, мәдениеті мен өнерін зерттеу» тақырыбы бойынша 2013 жылдың 10 тамызы мен 22 қыркүйегі аралығында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының экспедиция тобы Ақтөбе облысына іс-сапарға барып қайтты.
Тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев жетекшілік еткен зерттеушілер тобы батыс аймағынан көптеген құнды деректермен оралды. Соның ішінде Темір және Ойыл аудандарында жүргізілген далалық зерттеу жұмыстары кезінде жергілікті тұрғындардың арасында сақталған аңыз-әңгімелер, жер-су аттарына қатысты тың мәліметтер, көне қорымдар мен кесенелер, кіші жүз руларының ескі қоныстары мен олардағы ағартушылық ошақтары (мешіттер мен медреселер) жайлы тың материалдар жинақталды.
Солардың қатарында Дүмбай мен Шымбай, Бәйк мен Бике батырла жайлы аңыздарды, Бекет атаның шәкірті Бәйгелді ата туралы ел ішінде сақталған мәліметтерді айтуға болады. Сондай-ақ Науырызәлі батыр, Бәйгелді ата зираттарындағы және басқа да ондаған зираттардары құлпытастар мен ру таңбаларын зерттеу де қамтылды. Зерттелген нысандар қатарында бір әскери бекініс пен керуенсарайдың орны да бар.
Экспедицияның фото-бейне материалдары және ғылыми есеп алдағы уақытта сайтымызда жарияланатын болады.