АБАЙ МҰРАЖАЙЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ БАСТАЛДЫ

18.06.2015 15:30 1652


 

2015 жылдың 17 маусымында Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында Германияның Кассель қаласындағы ағайынды Гриммдер музейінің «Ертегінің таңғажайып әлемі" атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениетін зерттеумен айналысқан неміс лингвистері. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға өмірінің көп бөлігін арнаған ағайындылар. Ағайынды Гриммдер деген атаумен әлемге әйгіленген бірнеше жинақты жарыққа шығарды. Олар герман филологиясымен германистика саласының, неміс тіл білімінің негізін салушылар.

Олардың ертегілерінің ерекшілігі - әрбір адамға түсініктілігі мен кез-келген халықтың тұрмыс-салтына жақындығында. Сол себепті, оларды бүкіл әлем сүйіп оқиды.

Ашылу салтанатында М. Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің студенті Д. Ағзамова, дарынды балаларға арналған «Жас қанат» орталығының вокал-студиясының тәрбиеленушілері Абайдың әндерін орындады. Ф. Достоевский атындағы музыкалық-драма театры әртістерінің орындауында ертегілерден көріністер көрсетілді.

18 маусымнан 1 тамызға дейін 5-15 жас балалар арасында ағайынды Гриммдер ертегілерінің желісі бойынша бейнелеу және қолөнер байқауы жарияланды. Байқау қорытындысы көрменің жабылу салтанатында анықталады және байқау жеңімпаздары Германия елшілігінің арнайы сыйлықтарымен марапатталады.

Көрме аясында ертегі желісімен түсірілген мультфильмдер, арнайы слайдтар көрсетілді. Балаларға ойындар ұйымдастырылып, ертегілердегі кейіпкерлермен естелікке фотосуреттерге түсу ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатына Германия Елшілігінің өкілі консулдық істері жөніндегі аташе Катарина Лихт ханым және мәдениет және баспасөз бөлімінің қызметкері А. Малгажинова, қала зиялы қауым мүшелері, шығармашылық оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты.

по материалам: mks.gov.kz