«Қазақ хандары» кітабы жарыққа шықты

03.07.2015 10:22 3085

 

 

3 шілде, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде танымал тарихшы-ғалым Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандары» кітабының жарыққа шығуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Жаңа кітаптың тұсаукесері Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орайластырылып отыр.

«Сардар» Баспа үйі Қазақ хандығының 550 жылдығына «Қазақ хандары» танымдық кітабын шығарды. Кітап авторы — академик, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев.

Баспасөз конференциясының барысында кітап жөніндегі, Қазақ хандығының тамырлары, қалыптасуы және нығаюы туралы пікірлерімен осы саланың белгілі мамандары — ҚР Ұлттық ғылым академиясының корр.-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, тарих және этнология институтының директоры Хангелді Махмұтұлы Әбжанов, Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы Аяған бөлісті.

Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде шыққан бұл тарихи туындыда хандық дәуірдің біртұтас кезеңінде таққа отырып, ел билеген он жеті ханды таныстыру мақсатында олардың билік құрған жылдары мен жүргізген саясаты, қазақ тарихында алатын орны туралы баяндалады.

Мазмұны тарихи деректерге бай, безендірілуі тақырыбына сай түрлі-түсті жарық көрген бұл тағылымды кітап ұстаздарға да, орта мектеп оқушыларына да, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне де, жалпы оқырман қауымға таптырмас рухани азық болатыны анық. «Қазақ хандары» тарихи-танымдық кітабы - дана бабаларымыздың өмірі мен ерен ерліктерінен сыр шертер тамаша танымдық энциклопедия.

Кітап авторы айтып кеткендей, аталмыш кітаптың бұрын-соңды аналогтары болмаған.

«Тарихымыздан барлығымыз да хандар туралы білеміз. Дегенмен, бұрын барлық хан биліктерінің ерекшеліктерін зерттеп, оларды бірінші ханнан Қазақ хандығының соңғы билеушісіне дейінгілерін жүйелеп көрсететін еңбек болмағанды. Кітаптың тағы бір ерекшелігі - ол қарапайым, барлығына түсінікті ғылыми және терминологиялық емес тілмен жазылған», — деп баса айтты Б. Кәрібжанов.

«Сардар» Баспа үйінің директоры Әділ Қойтановтың пікірінше, кітаптың тақырыптық безендірілуі барлық халықаралық полиграфиялық стандарттарға сәйкес келеді, халықаралық кітап көрмелеріне де ұсынуға болады.

«Әлемнің ең дамыған елдері, көрші елдердің тарапынан біздің тарихымызға, Қазақ хандығына деген қызығушылықтары артып келеді. Бұл мемлекетіміз тәуелсіздігінің 24 жыл ішінде қол жеткізген жеңістерімен де байланысты. Сондықтан кітаптың үш тілде шығуы заңды деп білемін», — деді ғалым Х. Әбжанов.

по материалам: mks.gov.kz