ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде сан қырлы Жапонияны көрсетеді

03.07.2015 10:03 1477

 

3 шілде, 2015. Астана. Бүгін «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасының аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі Жапон Қоры халықаралық жобасының «Сан қырлы Жапония.ХХ ғасырдың соңындағы жапон фотосуретшілерінің жұмыстары» фотокөрмесінің ашылуын өткізеді.

Жапон Қоры – 1972 жылы құрылған, Жапония және шет елдердің арасындағы өнер мен мәдениет алмасу арқылы халықаралық диалогты нығайту саласында жан-жақты қызметтерді жүзеге асыратын қоғамдық ұйым. Қор қызметінің бірден-бір бағыты – дүниежүзінде жеке коллекциялардан түрлі турлар мен көшпелі көрмелер ұйымдастыру болып табылады.

Экспозиция 23 жапондық фотосуретшілердің 76 туындысынан құрылған, 2 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ көрме аясында «Жапония – қазақстандықтардың көзімен» атты айдарымен Жапонияда болған қазақстандықтардың жеке түсірген фотосуреттер жинағы көрермен назарына ұсынылады.

Жапон фотографтары өз туындыларында бір сәтке уақыт пен оқиғаларды тоқтатып, Жапонияның экономикалық өрлеу кезеңі мен бүгінгі күнге дейінгі қоғам мен табиғатта болып жатқан сансыз өзгерістерді қалт жібермей, болашақта ыстық сезімдерімен бөлісу үшін асқан шеберліктерін таныта білген.

Салтанатты ашылатын көрменің алдында көрермендер назарына ұсынылған туындылардың авторларының бірі Рюджи Миямото мырзаның дәрісі өтеді.

Бірінші қабаттың атриумында жапон оқушыларының жұмыстарынан блиц-көрме ұсынылады.

по материалам: mks.gov.kz