Магдебургтің (Германия) Джордж Филип Телеман атындағы концерттік залында өткен Екінші Еуропалық Хор Ойындарында ТҮРКСОЙ Жастар Камералық Хоры «Рухани музыка» номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алды. Хор басшысы – хормейстер, Астана Мемлекеттік филармониясының Камералық хорының көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова.
Түркі мәдениетінің Жастар хоры байқау барысында Моцарт, Антонио Лотти, Юзефа Свидер және қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтің «Хорал» поэма-реквием туындысын орындады. Қазақстанның атынан хорға "Астана Опера" театры мен Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының талантты жас өнерпаздары қатысты.
Биылғы Хор Ойындарына 10 номинация бойынша 35 мемлекеттен келген 100-ден астам хор қатысып, олардың шеберлігін 7 ел хор өнерінің атақты да беделді шеберлері бағалады.
Еске салып кетсек, ТҮРКСОЙ Жастар камералық хоры Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Татарстан (Ресей Федерациясы) консерваторияларының түлектерінен тұрады. Хорды құру туралы шешім ТҮРКСОЙ мәдениет министрлері 32-ші Тұрақты Кеңесінің отырысында қабылданған болатын.
по материалам: mks.gov.kz