Астана қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің мүшелері жиналып, қазақ халқының төрт мәдени құндылығын ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы мәселені талқыға салды. Ол кеңеске Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақ ғылыми зерттеу институтының Бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат қатысып қайтқан еді.
Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнері мен зергерлік өнері, қара өлең сияқты ұлттық құндылықтарымыз дүниежүзіндегі ұлттардың рухани жәдігерлерін қорғауға алумен айналысатын ЮНЕСКО-ның көрнекі тізіміне кіргізілген. Кезекті отырыста осындай құнды мұралардың қатарына енетін өзге де материалдық емес мәдени мұраның тізімі пысықталды. Тізімге бірінші болып енетін ұлттық рухани құндылықтардың төртеуі бүгіннің өзінде белгілі.
Соның бірі – қазақтың күйшілік өнері бүкіл адамзат баласының рухани мұрасын ерекше қорғауға алған ЮНЕСКО-ның көрнекі тізіміне ену үшін бірінші кезекте ұсынылады.
Сонымен бірге материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы Әлібек Асқаровтың айтуынша, тізімге енген қалған үш мұра: қырғыздармен бірігіп жасап жатқан киіз үй, саятшылық және Наурыз мерекесі.
Қазақстан материалдық емес мәдени мұраны қорғау міндеттемелерін 2011 жылы ғана өз мойнына алды. Содан бері еліміздің зиялы қауымы «материалдық емес» деген ұғымға сыятын ұлттық құндылықтармызды түгендеп келеді. Арнайы құрылған комитет ішіне 18 мұра кірген тізімді әзірледі. Бұған қоса, материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізімі бар. Оған қазақтың дәстүрлі ән өнері, батырлар жыры, Қорқыт ата кітабы, қазақтың зергерлік өнері, көкпар, қазақ күресі, киіз басу сияқты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпы кірген.
Айта кетейік, бүгінде ЮНЕСКО-ның көрнекі тізіміне бүкіл әлемнің 259 түрлі мұрасы кірген. Оның көпшілігі – Африка елдерінің, Оңтүстік Азия және Латын Америкасы халықтарының ұлттық құндылықтары. Қазақ мұрасының бұл тізімге енер-енбесі келер жылы белгілі болады.