Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» фильмін түсірудің белсенділері Орталық коммуникациялар қызметінде сұхбат берді

16.07.2015 14:43 1649

 

16 шілде, 2015. Астана. 15 шілдеде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ДЕШТІ-ҚЫПШАҚ. ҚҰПИЯ ТАҢБАЛАР» атты екі сериялы деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ ғылими-зерттеу мәдениет институтының қолдауымен жүзеге асқан киножоба туралы ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазмбулатов, фильм режиссеры мен сценаристі Бақыт Қайырбеков және Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баяндап берді.

Қыпшақ жазуларының көне жазба ескерткіштері туралы баяндайтын «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» фильмі екі бөлімнен тұрады.

Фильмнің бірінші бөлімі қыпшақтар мен армяндардың тығыз қарым-қатынастарына арналған. Осы ортада қыпшақ тілінде сөйлейтін, өздерін эрмени дейтін армяно-григориан дініндегілердің Құдайды қыпшақ атауымен Тәңірі деп атаған таң қаларлық феномені пайда болды. Олардың артында қыпшақ-құман-половецтердің тұрмыстық қолданыстағы тілімен, әсіресе Еуропада қатты дамыған әдеби тілінде жазылған 30 мың беттік баға жетпес жазу жәдігерлері қалды. Қыпшақ тілін білмесең ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде басқалармен тілдесу мүмкін емес еді. Былайша айтқанда, ол сол кезде қазір ағылшын, француз, орыс және басқа да әлем тілдері орындап отырған функцияны атқарды.

Ал фильмнің екінші бөлімі қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Codex Cumanicus» (Кодекс Куманикус) деген айрықша кітапқа арналған. Оны Венециан кітапханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческа Петрарка сыйлаған екен. «Кодекс Куманикус» (лат. Қыпшақ тілінің сөздігі) — құман (ескіқыпшақ) тілінің XIV ғасырдағы белгілі жазба көзі. Онда филологтар үшін ғана емес, тарихшылар үшін де бай материалдар қамтылған.

Ақтоты Райымқұлованың сөзіне қарағанда, Еуропа халықтары 2,5 жыл бойы Құдайға құлшылық ету әндерін көне қыпшақ тілінде орындаған екен. Сондай көне шығармалардың бірінің ноталарын замауи нотаға бейімдеу жұмыстарымен Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры өзі айналысқан.

«Бұл көне жәдігердің ноталарын біздің заманымзға сай келетін ноталарға бейімдеу оңайға соққан жоқ. Бұл үшін Қытай кітапханаларында көп ізденіп, әйгілі қыпшақ жазбаларын зерттеуші Александр Гаркавецпен көп сұхбаттастым», — деді департамент басшысы.

«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» деректі фильмнің түсірілімдері Италия, Армения және Украинада жүргізілді Фильм қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалған.

по материалам: mks.gov.kz