28 шілде, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында тілдерді дамытудың қоғамды топтастырудағы және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы орны туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының өкілдері сөз етті.
Орталық директорының міндетін атқарушы Қонысбай Әбіл Елбасының 5 институционалдық реформасы аясында «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру барысында тіл дамыту орталықтарының алатын орнына тоқталып, мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін мекемеде жоспарланған ауқымды жобалар туралы хабарлады.
«Біздің басты мақсатымыз — «Болашағы біртұтас ұлт — елдігіміздің кепілі" идеясын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік тапсырмаларды орындау арқылы тілдің ғылыми және қолданбалы жағын зерттейтін, тіл саясатының орындалуына мұрындық бола алатын әлеуеті жоғары, білікті мамандардан жасақталған ғылыми-лингвистикалық ұйым қалыптастыру», — деді Қ. Әбіл.
Қонысбай Әбіл айтып кеткендей, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының бастамасымен «Орталық" негізінде Қазақстандағы қазақ тілін оқыту мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп және практикалық тұрғыдан үлкен нәтижелерге қол жеткізген ғалымдар мен практик-оқытушылардың қалыптасқан әдістемелерін жүйелеу ісі қолға алынып отыр. Ол жүйеге енгізілген әдістемелерді әлемдік тәжірибе деңгейіне көтере дамыту үшін, үлгі ету үшін, оларды мемлекеттік тілді жеделдете оқыту үдерісіне қоса алатын шығармашылық әлеуетіне сүйене отырып тану қажет екендігін де айтып кетті.
Қазіргі таңда Орталықтың алдына қойылатын міндеттердің қатарында мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлерін қазақ тілінде ресми-іскери тілге оқыту, іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру бойынша жұмыстар және қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік тілге көшудегі ақпараттық-кеңестік аудармашылық қызмет атқару жатады.
Оқу-әдістемелік және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Лиза Есбосынова оқыту әдістемесін біріздендіру, Тіл оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыру, мемлекеттік және этнос тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыруға мемлекеттік қолдау көрсету, аталған мектептердің қызметін әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
по материалам: mks.gov.kz