5 тамыз, 2015. Бүгін Алматы қаласының Халықаралық әуежайында Лос-Анджелестегі (АҚШ) Арнайы Олимпиадаға қатысқан қазақстандық спортшыларды алып келген ұшақ қонды. Әртүрлі деңгейдегі 125 жүлдені иемденген отандастарымыз жоспарланған медальдар санынан үш есе артық жүлдені қанжығаларына байлап келді.
Арнайы ойындарға 170 мемлекеттен келген 7 мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстандық делегацияны 68 атлет құраған. Олар беделді халықаралық спорттық жарыста абыроймен өнер көрсетіп, 15 спорт түрінде 28 алтын, 49 күміс және 48 қола жүлдені қанжығаларына байлады. Басында спортшылар 45 медальға үміт артқан болатын.
Еске салып кетсек, ақыл-ойы кеміс адамдарға арналған Бүкіләлемдік Арнайы Олимпиада (Special Olympics World Games) әр төрт жыл сайын өткізіледі. Ойындардың негізін 1968 жылы чикаголық дене шынықтыру мұғалімі Анна Макглоун Бюрке қалады. «Маған жеңуге мүмкіндік беріңдер! Алайда мен жеңе алмасам, мен бұл тырысуымда батыл болайын!» - қозғалыстың басты ұраны болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда интеллектуалдық кемшіліктері бар 100 мыңнан астам адам тұрады.
по материалам: mks.gov.kz