3-11 тамыз аралығында Америка Құрама Штаттарында көшбасшылықтың «Мәдени мұраны сақтау» халықаралық бағдарламасы өтті. Осы шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің де қызметкерлері қатысты.
Аталған бағдарламаға мәдениет пен өнер және жәдігерлерді сақтау, қалпына келтіру мен таныстыру саласындағы шараларды іске асырушы жеке тұлғалар мен ұйымдардың өкілдерімен тәжірбие алмасу мақсатындағы кездесуді ұйымдастыру жұмысы кіреді. Бағдарлама сонымен қатар, тарихи-мәдени мұралар, заманауи технологияларды ендіру және халықаралық туризмді дамыту салаларындағы жобаларды жасау мен жүзеге асыруға бағытталғанын айтып кету керек.
Көшбасшылықтың «Мәдени мұраны сақтау» халықаралық бағдарламасына орай қазақстандық делегация мәдениет, туризм және музей ісі саласындағы алдынғы қатардағы тәжірбиесін және жұмыс істеудің заманауи тәжірбиелерін, жобаларды басқаруды үйренді, АҚШ-тың ірі музейлерінің, Вашингтонның, Нью-Йорктің және Нью-Мексико штатындағы Альбукерке мен Санте-Фе қалаларының мемлекеттік органдары мен мәдениет ұйымдарының жұмыстарымен танысты.
Ұлттық музей қызметкерлері Смитсон институты мен Метрополитен өнер музейімен этнография, археология, көрме қызметі және заманауи ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық орнату үшін келісімге қол жеткізді.
Ағартушылықпен және ғылыми зерттеу жұмысымен айналысатын Смитсон институты мен оның құрамындағы музей кешені - бұл әлемдегі экспонаттары, музейлік құндылықтары мен жәдігерлері бойынша ең ірі орталық. Институттың құрамына Смитсон институтының филиалы болып табылатын 19 музей, хайуанаттар бағы, 9 ғылыми зерттеу орталықтары, сол сияқты 156 музей кіреді. Оның негізі Вашингтонда Конгресс шешімімен 1845 жылы ағылшындық химик әрі минералог Джеймс Смитсонның қаржысына қаланды. Институттың басты міндеттері ұлттық құндылықтарды сақтау, әлеуметтің білімін кеңейту, ғылыми зерттеулер жүргізу, өнер, ғылым және тарих салалары бойынша стипендия тағайындау болып табылады. Смитсон институтының топтамасы 142 млн. астам экспонаттан тұрады.
Метрополитен өнер институты музейі келушілерінің саны бойынша үшінші орында тұрған әлемнің ең ірі музейлерінің бірі. Бүгінгі таңда оның тұрақты топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындысы сақталып тұр. Міне дәл осы Метрополитен музейінде Алтын Орданың атақты ханы Махмұд Жәнібектің дулығасы сақтаулы тұр. Кезінде еуропалық саяхатшылардың дулығаны Тибеттен алып кеткені анықталған. Кейіннен оған АҚШ-тың белгілі бір коллекция жиюшысы ие болады. 2007 жылы дулыға Нью-Йорктегі Метрополитен өнер музейіне тапсырылады. Дулыға болаттан жасалған, биіктігі 20-23 сантиметр, диаметрі 22 сантиметр, үшкір төбесі өткір қырлы, төменгі жиегінде араб әріптерімен ойып жазылған «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек» деген күміс жалатылған жазу бар. Ғалымдардың пікірі бойынша, дулығаны кавказдық немесе ирандық шеберлер дайындаған. Дулыға тарихи құндылығы бойынша Қазақстанда табылған 84 дулығаның ішіндегі алғашқы бестікке кіреді.
Көшбасшылықтың «Мәдени мұраны сақтау» халықаралық бағдарламасына қатысу үшін АҚШ елшіліктері жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 4500-ден астам адамды таңдап алады.
Бағдарлама демеушілері АҚШ Мемлекеттік Департаменті, Білім және мәдениет істерінің бюросы, Көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша халықаралық бағдарламасы болып отыр. Білім және мәдениет істерінің бюросы халықаралық, мәдени ағартушылық және кәсіби бағдарламалар арқылы Құрама Штаттар мен басқа елдердің арасындағы өзара түсіністіктің артуына ықпал етеді.
по материалам: mks.gov.kz