Конституция – Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуінің берік негізі

27.08.2015 10:43 1909

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды биылғы жылдың атаулы даталарына арналған «Конституция — қазақстандық қоғамның негізі" атты дөңгелек үстел өтіп, қазақ құқығының тарихына қатысты көрме ашылды.

Шара шеңберінде Қазақстан Республикасында конституционализмнің қалыптасуы мен дамуы мәселелері талқыланды.

«Конституция — мемлекет негізі, азаматтардың құқықтарының кепілі. Орта ғасырларда Еуропаның кейбір мемлекеттерінің іргесі қаланбай жатқан кезде бізде заңдар болған. Ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген сөз бар. Осы хандардың ізін жалғастырушы Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білмейтін қазақ жоқ.

Қазақ хандарының заңдарында абақтыға қамау, өлім жазасына кесу деген ұғымдар болмаған. Ол заңдар көшпелі халықтың барлық салт-санасын ескере отырып жазылған. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң жазылған Ата заңда тіл, ұлт, диаспора ұғымдары ерекше атап өтілген. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан Конституцияда барлығы жан-жақты ескерілген.

Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Бұл заман талабы, — деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағамбетов.

Басқосу барысында 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясына 1998, 2007, 2011 жылдары енгізілген өзгерістерге ерекше назар аударылды.

«Конституционализмнің тамыры тым тереңде жатыр. Ол бүгінгі күнге түрленіп, жаңғырып жетті. Біз ертеректегі құқықтық актілердің барлығын білеміз дей алмаймыз. Алайда олардың идеялары мен ұстанымдары қандай болғанынан хабардармыз.

Еліміз Ресей империясының қол астында болған уақыт аралығында олар қазақтардың құқығын өздерінің заңдарымен жүйелеп отырды.

Бүгінгі таңда біз тәуелсіз ел ретінде өз Конституциямызды темірқазық тұтамыз. Ол біздің құқықтарымыз бен бостандығымызға кепіл болып отыр, — деді Конституциялық Кеңестің мүшесі Аманжол Нұрмағамбетов.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанның толайым табыстарының сенімді кепіліне айналды. Ұтымды құқықтық жүйенің арқасында біз экономикалық өсім мен қоғамдық игілікке қол жеткіздік, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз еттік.

Конституция республика Президенті кепіл болып табылатын адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, нарықтық экономика, демократиялық дәстүрлер мен құқықтық мемлекет принциптерін, парламентаризм мен конституциялық бақылауды, билік тармақтарының бөлінуі мен келісілген функцияларын жақтайтын қазіргі Қазақстанның келбетін айқындайтын негізгі құндылықтардың жүйелі заңдық көрінісіне айналды. Сондай-ақ Конституция ұлттық құқық жүйесін дамытудың құқықтық қайнары болумен қатар, қоғамдық қатынастарға тікелей ықпал етіп, мемлекетке, қоғамға және әрбір азаматқа қызмет етуді жалғастырып келеді.

Қазақстандағы конституционализм тарихының тамыры ғасырлар қойнауына кетеді және ол 1465 жылы құрылған Қазақ хандығымен тығыз байланысты.

Қазақ құқығының тарихына қатысты көрмеде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті Жарғы» деген заңдар топтамаларынан бастау алған қазақ құқығының негізгі кезеңдері көрсетілді.

Қазақстанның қазіргі конституциялық заңының алғашқы ережелері 1917 жылы 13 шілдеде І Жалпы қазақ съезінде жарияланған Алаш автономиясының ІІ съезінің Қаулысымен тұжырымдалған (1917 ж. желтоқсан).

Көрмені тамашалағандар Қазақ АКСР-ның 1926 жылғы Конституциясының, Қазақ КСР-ның 1937 және 1978 жылғы Конституцияларының және Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылғы Конституцияларының негізгі ережелерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Көрме жыл соңына дейін созылады.