Алматы қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері Әди Шәріповке арналған ескеркіштің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Ескерткіш авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-мүсінші Бақытжан Әбішев. Ескерткіш Әди Шәріпов көшесінде, Бөгенбай батыр көшесімен қиылысқан жерде орнатылды.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Мамай Ахетов, жазушының жары Клара Мыңжасарова, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ғалымжан Мелдешов және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ғалымжан Мелдешов Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының шара ұйымдастырушылары мен қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқыды. «Халқымыздың біртуар азаматы Әди Шәріпов ағамыз білімімен, шығармашылық, қоғамдық еңбегімен, ерлігімен өшпес із, өлмес мұра қалдырған биік тұлға. Оның қаламынан туған «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Партизан қыз» және басқа айтулы шығармалары әр деңгейдегі оқырман қауымның, халықтың көңілінен шыққан, болашақ ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, адамгершілікке бағыттайтын, тәрбиелік мәні мен маңызы зор туындылар. Бүгінгі күні Әди Шәріповтің шығармашылығы еліміздің игілігіне айналған, қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған дүниелер» - делінген құттықтау хатында.
Әди Шәріпов 350-ден аса ғылыми-публицистикалық жұмыстардың авторы. «Орман хикаясы» атты киносценарийі бойынша түсірілген көркемсуретті фильм Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка елдерінің кинофестивалі мен Алматыда өткен Кеңестер Одағының кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды. «Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы» (1964), «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары» (1974), «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық" (1984), «Сырбай Мәуленов творчествосы» (1985) атты монографиялардың, әдебиеттану мен педагогика салаларына қатысты көптеген мақалалардың авторы.
по материалам: mks.gov.kz