ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Мәскеу собор мешітінің ашылу салтанатына қатысуда

23.09.2015 09:31 1518

 

23 қыркүйек, 2015. Мәскеу. Ресей Федерациясының астанасында  Мәскеу собор мешітінің ашылу рәсімі өтіп жатыр. Салтанатты шараға бірқатар елдердің басшылары, Еуропа мемлекеттерінің елшілері, шетелдік делегациялар қатысып жатыр. Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да бар.

Мәскеу собор мешітінің ұзақ уақыт алған ірі қалпына-келтіру құрылыс жұмыстарынан кейін барша мұсылмандардың басты мерекесі – Құрбан Айт қарсаңында ашылуы Ресей мұсылмандары үшін өте маңызды. 1904 жылы құрылған мешіт Кеңес үкіметі кезінде де жұмыс істеп, Мәскеуде істегі бірден-бір мешіт болды. Ірі көлемді қалпына келтіру жұмыстары 2005 жылдан бастап жүргізілді. Қабырғаларының ішінара бүлінуі салдарынан 2011 жылы құлатылып, қазіргі уақытта алғашқы келбетіне сай қалпына келтірілді.

Қалпына келтіруден кейін мешіт аумағы 20 есе үлкейді. Енді оның аумағы 19 мың шаршы метрден асып, намазға бір уақытта 10 мың діндарлардың қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар хабарланып отырғандай, бұл ендігі уақытта мешіт қана болып қоймай, ірі ислам кешеніне айналды. Кешен құрамына конференц-зал, кітапхана, мұражай, көрме галереясы, баспасөз орталығы, қонақ үй бөлмелері кіреді.

Алты қабатты ғимаратта жеті лифт орнатылып, келушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыру қажет барлық жағдай жасалып,  мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бірнеше залда үлкен экрандар орнатылып, ол экрандарда собор мешітінің орталық залында болып жатқан оқиғалар көрсетілетін болады. Бас күмбездің биіктігі 46 метр, ал диаметрі 27 метрді құрайды.

Алдағы уақытта мешіт аумағында ислам институтын, медересе және мәдени орталық ашу жоспарлануда. 

по материалам: mks.gov.kz