Тараз қаласында Елбасының қатысуымен «Ежелгі Тараз» музейінің ашылуы өтті

08.10.2015 11:54 1987

 

8 қазан, 2015. Бүгін Тараз қаласында Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойының негізгі шараларының ашылуы өтеді. Мерекелік іс-шаралар аясында Н. Ә. Назарбаев «Ежелгі Тараз» музейінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіш-монументтің ресми ашылуына қатысып, «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне барады.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында биыл Тараз қаласының орталығындағы «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне археологиялық зерттеулер, консервациялау жұмыстары жүргізіліп, оның аумағында «Ежелгі Тараз» жаңа музейі бой көтерді.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстарына «Қазархеология» ЖШС-нің директоры Ж. Смайылов жетекшілік етуде. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарына Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлері тартылған. Қазба жұмыстары жүргізілгеннен бері археологтар бірқатар қалалық құрылыс нысандарының орындарын тапты. Сонымен қатар, осы жерден археологтар Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазынаны (әшекейлер) қазып алды.

Сондай-ақ, археологиялық зерттеулер кезінде табылған ортағасырлық қала құрылысы орындары — тұрғын үйлер, көшелер мен кварталдарда «Қазқайтажаңғырту» РМК консервациялық жұмыстар жүргізуде.

Осы аумақта табылған құнды жәдігерлер Елбасының қатысуымен ашылатын жаңадан салынған «Ежелгі Тараз» музейіне қойылуда. Тараз қаласы мен өңірінің 2000 жылдық тарихын көрсететін бұл музейден ежелгі, ортағасырлар (соның ішінде Қазақ хандығы дәуіріне), Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын құнды жәдігерлерді табуға болады.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз қаласы ерте заманнан қарлұқ, үйсін және өзге түркі тілдес халықтардың маңызды экономикалық және саяси орталығы болған. Бұл қала қазақ халқы мен мемлекеттілігінің қалыптасуы кезеңінде маңызды рөл атқарды.

Археологиялық паркпен бір кешенде орналасқан «Ежелгi Тараз» музейі халықаралық тас жолы бойындағы Тараз қаласының экономикалық және мәдени орталық ретінде дамуына негіз болады. Бұл өз кезегінде қалада туристік саланың дамуына, ежелгі Тараз қаласының мәдени мұра нысандарын маңызды туристік бағыттарға қосуға септігін тигізеді.

по материалам: mks.gov.kz