1 қазан, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен антрополог, ғалым Оразақ Смағұловтың мерейтойына арналған «Тұңғыш қазақ антропологы — 85 жаста» атты тақырыптағы іс-шара өтеді.
Оразақ Смағұлов — қазақстандық тұңғыш антрополог, еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері.
Ол еліміздегі алғашқы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан ашылған этникалық антропология зертханасы мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің физикалық антропология зертханасының ұйымдастырушысы.
Академик О. Смағұловтың зерттеулерінің арқасында Қазақстанның антропологиялық мәліметтері алғаш рет қазақ халқының этникалық тарихы мен этногенезі бойынша тарихи дерек ретінде пайдаланылды. Оның палеоантропология, этникалық краниология, серология, соматология, одонтология, дерматоглифика мәселелері бойынша жасаған ғылыми қызметі Қазақстанның ежелгі, орта және қазіргі кездегі тұрғындарының арасындағы 40 ғасыр бойғы генетикалық сабақтастықты айқындауға зор үлесін қосты, қазақ популяциясы генофондының біртұтастығы мен олардың алыс және жақындағы физикалық ата-бабаларымен генетикалық байланысын дәлелдеді.
Оразақ Смағұлұлы 300-ден аса ғылыми жұмыстың авторы. Олардың қатарында: «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование)" (1970), «Этническая геногеография Казахстана (серологическое исследование)" (1977), «Этническая антропология Казахстана (соматологическое исследование)" (1982), «Этническая одонтология Казахстана» (1989, авторлықта), «Абылай хан: тарихи антропологиялық зерттеу» (1999, авторлықта), «Алтай қазақтары» (2003, авторлықта), «Этническая антропология казахского народа» (2007, авторлықта), «Историческая антропология казахского народа» (2008, авторлықта), «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» (2011) және т. б.
Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым докторы мен 3 ғылым кандидаты даярланды.
по материалам: mks.gov.kz