16 қазан, 2015. Астана. 22 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында «Текті сөздің төресі - терме» республикалық жыршы-термешілер байқауы өтеді.
Шара Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытындағы «Тіл мәдениетін жетілдіру» тармағын, сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы 1448 қаулысының 44-тармағын орындау мақсатында ақиық ақын, айтыс өнерінің алтын діңгегі болған Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырыла ұйымдастырылады.
Аталған байқауға еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары (барлығы 16 үміткер) қатысады.
Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған бұл байқаудың басты мақсаты жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін беру арқылы әдеби тілді дамытуға үлес қосу.
Дәстүрлі ұлттық өнердің танымал тұлғаларынан, ғалымдарынан құралған қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Байқауда танымал жыршы-термешілер,дәстүрлі әншілер, эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметкерлері, өнертанушылар, жыршы-термешілер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ел азаматтары қатысады.
Ұйымдастыру комитеті
Байланыс телефондары: 8 (7172) 40 83 93, 87757598718
по материалам: mks.gov.kz