21 қазан, 2015. Шымкент. Бүгін Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар аясында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары А. Мырзахметов, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б. Атамқұлов «Қазына» этно-тарихи кешенін ашты.
Салтанатты ашу рәсіміне танымал мәдениет, өнер қайраткерлері, ғалым, тарихшылар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен аймақ жастары қатысты.
Шараның алдында Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақ хандығының 550 жылдығы монументіне дейін қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті.
Жаңа кешеннің ауданы 75 гектар жерді құрайды. Кешенге «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, ипподром бірыңғай сәулет ансамбліне біріктірілді. Этносаябақта аймақтың тарихи-мәдени ескерткіштерінің 27 макетінен тұратын этно-тарихи саябақ және тарихи құндылықтар орнатылған, ал орталықта диаметрі 21 метр болатын түрлі-түсті субұрқақ қойылған.
Этно-тарихи кешенде Қазақ хандығының 550 жылдығының монументі орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 15 метрді құрайды, ол қазақ ұлттық оюлары салынған өрілген екі аркадан тұрады. Ескерткіштің ортасында биіктігі 10 метр, ені 8 метрді құраған пирамидалық композиция орнатылды. Пирамиданың шетінде қазақ хандығының барельефтік композициясы мен «Қазақ хандығына 550 жыл» және Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ хандығының 550 жылдығы бұл ұлттық тарихты ұлықтау мен бүгінгі жетістіктерді лайықты бағалау» деген сөзі ойылып жазылған.
«Жайлау» көлінің жағалауындағы ескерткіштің қасында қазақ ауылы орын тепкен. Жағалаудағы демалыс аймағының аумағы 15 гектарды құрайды. Мұнда 4 ротонда орнатылып, қайық стансасы, көлік тұрағы жабдықталған. Бұл этно-тарихи кешен қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады.
по материалам: mks.gov.kz