ПОСТ-РЕЛИЗ. Астанада ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің мерейтойлы оныншы Форумы жұмысын аяқтады.

23.10.2015 17:53 1901

23 қазан, 2015. Бүгін Астанада Шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның мерейтойлық Х форумы өз жұмысын аяқтады. Қазақстан Елордасына Достастықтың барлық елдерінен жиналған Форум қатысушылары қорытынды резолюция қабылдады.
Форум алқа отырысында Қазақстан Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқыды:
«Құрметті Форум қатысушылары! Сіздерді ТМД қатысушы-мемлекеттердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымының мерейтойлық Форумы жұмысының басталуымен құттықтаймын. Биылғы Форум ортақ құндылықтарды ілгерілету және мәдениеттер сұхбатына арналған. Сұхбат, ақпарат алмасу, рухани құндылықтармен танысу түрлі мәдениеттер мен халықтардың жақындасуы және өзара әрекеттесуінің маңызды шарты болып табылады».
Ресей Президенті Владимир Путиннің хатын халықаралық мәдени ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкіл Михаил Швыдкой жеткізді:
«Өткен онжылдық ішінде сіздің форумыңыз өз қажеттілігін танытып, ТМД қоғамдастықтары өкілдерінің арасында гуманитарлық тақырыптағы өзекті мәселелер бойынша сындарлы, мазмұнды сұхбаттың беделді алаңына айналғандығын бүгін сеніммен айта аламыз».
ГЫМҚ Басқармасының төрағасы, Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Полад Бюльбюльоглы Қазақстан Республикасының басшылығына алғысын білдірді:
«Көшбасшыларымыз 10 жыл бойы форумдардың өтуіне қолдау көрсетуі олардың ТМД кеңістігіндегі гуманитарлық ынтымақтастықтың заманауи жағдайларына бейімделу және сақтап қалу мәселелеріне зор маңыз бөлетіндіктерін білдіреді".
Алқа отырысы және салалық секцияларда ғылым, білім беру және өнер қайраткерлері форумның басты тақырыбы — «Достастықтың гуманитарлық кеңістігі: ортақ құндылықтар мен мәдениеттер сұхбатын» және «Мәдениеттер сұхбаты ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастығы дамуының факторы ретінде», «Гуманитарлық ынтымақтастықтың Еуразиялық коды», «Мәдениеттер сұхбатындағы музейлердің рөлі" секілді өзара кәсіби әрекеттестіктің сан қырлы аспектілерін талқылады. «Достастық елдері халықтарының ортақ тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау» секциясының негізгі тақырыптарының бірі - ТМД-дағы үстіміздегі жылдың тақырыбына айналған Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ұлы Отан соғысының ардагерлер жылы болды.  
Өз баяндамаларында делегаттар 2016 жылы ТМД-да жарияланған Білім беру жылына бірлесіп дайындық мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Форум Резолюциясында «Бұл уақыт Достастықтың жинақтаған тәжірибесі және потенциалына баға беруге және оның одан әрі қарайғы дамуы үшін перспективалар белгілеуге мүмкіндік беретін кезең" делінген. Сонымен қатар қатысушылар қорытынды құжатта Гуманитарлық ынтымақтастықтың мемлекетаралық қорының жаңа бағыты — Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықтың көпжақты перспективаларын ашатын Жібек жолы мәдени форумын өткізудегі өз мемлекеттерінің жағымды тәжірибелеріне тоқталып кетті.
Резолюцияның бір бөлімі ТМД-дағы Білім беру жылына арналған. Форум қатысушылары мүдделі тараптарды Достастық елдерінің академиялық мобильдігін кеңейту және білім беру жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жаңа ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Астанадағы кездесуге қатысушылар үшін ТМД елдерінің туризм саласындағы үздік жас мамандарды —«Дебюттер достастығы» жүлдесінің лауреаттарын марапаттау рәсімі аса салтанатты шараға айналды.