26 қазан, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз-конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасындағы Италия Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян, Қазақ ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Қазақстандағы Италияның мәдени жылыаясындағы іс-шараларға тоқталып өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы алдағы жоспарланған мәдени шаралардың екі ел қарым-қатынасын нығайту жолындағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазақстан мен Италия өнер мен мәдениеттің барлық салаларын қамтитын кең көлемде қарым-қатынас орнатуда.
«Тұрақты негізде мәдени алмасу үрдісі қолға алынған. Бірлескен мәдени жобалардың арасында опера және балет өнері көш бастап тұр. Есімдері әлемге танымал мамандармен тығыз ынтымақтастық жемісі қазіргі таңда әлемдік қоғамдастықта лайықты мойындауға ие болған «Астана Опера» театрының құрылуы деп білемін. Итальяндық әріптестердің шақыртуы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар айында Еуропаның ең үлкен театры — «Карло Феличе» (Генуя қ., Италия) театрында «Астана опера» балет труппасының гастрольдері өтті" - деп атап өтті А. Мұхамедиұлы.
Ведомоства басшысының хабарлауынша, биылғы жылдың желтоқсан айында өнерді қалтқысыз қадірлеушілер Дж. Пуччинидің «Богема» операсы қойылымымен танысуға, Медет Чотабаев, Сүндет Байғожин, Айгүл Ниязова, Альфия Каримова сияқты «Астана опера» театрының үздік солистерін тыңдауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, ол екі мемлекеттің мұрағаттық ұйымдар арасында тікелей байланыс орнату, Италияның мемлекеттік мұрағаттарында қазақстандық мамандардың тәжірибе алмасуын ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер тудыратынын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Италия Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян «Біздің елдер арасындағы достастық байланыс дәстүрлі негізде құрылған, оған біздің Министрлер Кеңесі Төрағасының Президент Н. Назарбаевпен кездесуі дәлел. Осындай берік іргетасқа қаланған қарым-қатынасты саясат пен экономикадан басқа түрлі бағыттарда дамыта аламыз. Мәдениет саласы басым бағыттардың бірі, көптеген жұмыстар атқарылды, алайда біздің әлеуетіміз одан да көп дер едім. Ал қазіргі кезең Қазақстан павильоны үлкен танымалдыққа ие болған Миландағы ЭКСПО көрмесінің жабылуы мен итальяндық БАҚ-ның Қазақстан Республикасына деген назарын күшейтетін Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің ашылуы арасындағы көпір» деп өтті.
Қазақ ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева университет Италияның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлық шеңберінде студенттердің, оқытушылардың университеттерде білім алып, тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жалғастыратынын жеткізді.
Қазақстан мен Италияның мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастығы жыл өткен сайын нығая түсуде. Қазақстандық опера және балет әртістері Италияның ең үздік театр сахналарында өз шеберліктерін көрсетсе, мұрағат ісі саласының мамандары итальяндық мұрағаттық қорларда жұмыс істеу мүмкіндіктерін жіберіп алмауға тырысады.
ҚазҰӨУ Болон процесінің міндетті көрсеткіштерін орындау аясында академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда университеттің 38 студенті бағдарлама аясында Италияның үздік жоғары оқу орындарында тәлім алуға мүмкіндік алды. 2012 жылы 17 студент инструменталдық орындаушылық, арт-менеджмент, вокалдық өнер мамандықтары бойынша Матер қ. Дуни консерваториясында оқып келді. 2013 жылы 6 студент вокалдық өнер мамандықтары бойынша «Санта-Чечилия» консерваториясында тәлім алды. 2014 жылы Брера (Милан) академиясында 5 студент, «MadcastS.r.l.» медиа орталығында 5 студент тәжірибеден өтті. 2015 жылы Милан университетінде тәжірибеден 5 студент өтті.
по материалам: mks.gov.kz