Астанада «Шабыт» XVIIІ Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өтуде

04.11.2015 10:01 1730

  

4 қараша, 2015. Астана. Кеше «Шабыт» XVIIІ Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің салтанатты түрде ашылуы өтті. Биыл дарындыларды анықтайтын беделді конкурста арнайы диплом, медаль, лауреат атағын алуға және ең басты жүлде — Ел Президентінің кубогы — иегері атануға 388 үміткер қатысады.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, жыл сайын «Шабыт» жастар шығармашылық фестиваліне қызығушылық арта түсуде. Бұны байқауға қатысуға келіп түскен өтініштердің санынан білуге болады. Фестиваль жаңа таланттарға үлкен өнер әлеміне есік ашады.

Конкурсанттардың өнерлерін атақты әртістер, профессорлар, Қытай, Германия, Израиль, Италия, Беларусь, Ресей және Қазақстаннан шыққан әлемге танымал өнер майталмандары бағалайтын болады. Сонымен қатар, әділқазы алқасының мүшелері шеберліктерімен бөліседі.

Осылайша, «Домбыра мен ән салу» номинациясында әділқазы алқасын ҚазКСР Халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов бастап отыр. Халықтық ән салу бойынша Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Сәкен Сыздықов, Жақсыгелді Кемалов және Әбіл Қонысбай сынды танымал шеберлер өз бағаларын береді.

«Домбыра» аталымында әділқазы төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов.

Цирк өнерін таныстыратын үмірткерлерді Астана циркі директоры Ерік Жолжақсынов, Саха Республикасы циркінің директоры Сергей Расторгуев, Алматы қалалық қазақ циркінің директоры Дәулет Досбатыров сынды өнер тарландары бағалайды.

«Академиялық ән салу» номинациясында әділ-қазылар алқасының төрағасы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қанат Омарбаев болады. Сонымен қатар, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Түркия мен Италияның Мемлекеттік операсының жеке ән салушысы Седа Ортач, Минскіден келген өнертану докторы Екатерина Дулова, Иерусалим музыка Академиясының кларнет класы бойынша профессоры, Израиль опреасы оркестрінің бірінші кларнеті Михаил Гурфинкель, Иерусалим симфониялық оркестрінің бас директоры Яир Стерн сынды шақырылған қонақтар әділқазылар алқасына мүше ретінде кірді.

Фестивальдің ең үздік скрипкашысын Қазақ ұлтық өнер университетінің ректоры, Қазақстан еңбек ері - Айман Мұсаходжаева, Г. Исакадзе — Шпильман (Германия) Музыкалық академиясының құрметті жетекшісі Лиана Исакадзе, Эстония Музыка академиясы мен Хельсинки Сибелиус академиясының профессоры Мари Тамперс-Безродная және тағы басқалар анықтайтын болады.

Бас жеңімпаз Ел Президентінің кубогы және 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері атанады. Алтын медаль иегерлері 200 мың теңгеден, күміс жүлде — 150 мың теңге және қола жүлде иегерлері - 100 мың теңгеден алады.

по материалам: mks.gov.kz