Қазақстан және ЮНЕСКО-ның Оңтүстік туристік кластерді қалыптастырудағы бірлескен қадамдары

10.11.2015 14:20 1486

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында аймақтық туристік кластерді дамыту мәселелері бойынша ортақ кеңес өткізді. Кеңеске Министрлік шақыруымен келген ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің халықаралық сарапшылары қатысты.

Кеңесте Оңтүстік Қазақстан облысы орталығының туристік кластерін құру мәселелері кеңінен талқыланды.

ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің халықаралық сарапшыларымен пікір алмасу барысында тараптар «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының маңында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде тарихи ескерткіштерді сақтау туралы регламенттерді қатаң қадағалаудың қажеттілігі сөз етті. «Әзірет Сұлтан» қорғау аймағы маңында жаяу маршруттарды дамыту, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жаңғырту жұмыстарында халықаралық мамандардың қатысуы мәселелері үш жақты негізде келісілді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әкімдік және Қазақстандағы ЮНЕСО өкілдігімен бірлесіп «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының қорғау, буферлік аймақтарын дамыту, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің архитектуралық үлгісімен үндес инфрақұрылымды құру жобасы қайта қарастырылып, бекітілетін болады.

Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының туристік кластерін дамыту аясында Отырар қорық-мұражайына инфрақұрылымды жеткізу мәселесі де талқыланды.

Кеңес жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова, «ҚазЖаңғырту» РММ директоры Арнұр Қарымсақов, ҚР Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары Жазира Құлбаева, сонымен қатар ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетінің жетекші сарапшылары қатысты.

по материалам: mks.gov.kz