12 қараша, 2015. Астана. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 70-ке толған өнер иесі Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновке Министрдің атынан Құрмет грамотасы, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалі мен арнайы сертификатын табыс етілді.
Е. Тәпенов 1968 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (қазіргі Ресейдің театр өнері академиясы) режиссерлік факультетін бітірген. 1974-1976 жылы Мәскеудің Сатира театрында тәжірибеден (В. Н. Плучектің жетекшілігімен) өтті. 1968-1974 жылы Семей облысы драма театрының (қазіргі Семей музыкалық драма театры) режиссері, 1976-1979 жылы бұрынғы Торғай облысы музыкалық драма театрының, 1979-1990 жылы Қарағанды облысы қазақ драма театрының, ал 1990 жылдан Павлодар облысы музыкалық драма театрының бас режиссері болды.
Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Дос-Бедел дос», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е. Г. Брусиловский мен Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеу», Әкім Таразидің «Жақсы кісі", Дулат Исабековтың «Әпке», Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны», Маман Байсеркеұлының «Кене хан», Н. В. Гогольдің «Yйлену», Антон Павлович Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир», т. б. авторлардың шығармаларын сахнаға шығарды.
Министрлік басшылыға режиссердің елеулі еңбегін атап өткен жауапты хатшы министрлік жанынан құрылған көркемдік кеңесте де Е. Тәпенов жемісті еңбек атқарады деп сенім білдірді.
по материлалам: mks.gov.kz