25 қараша, 2015. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Лидер болу — уақыт талабы» конференциясы өтеді.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қ. Білім басқармасының әдіскерлері, ғылыми және педагогикалық қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері, «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту» элективті курсының тыңдаушылары қатысады.
Музей өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тұлғалық феноменін зерттеу және еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін насихаттау барысында музейлік педагогиканың бағыттарын кеңейтуге ерекше көңіл бөліп келеді.
Бұл бағытта лидерлік феномені, әлеуметтік ортаның тұлғаның қалыптасуына ықпалын зерделеу мақсат болып табылатын «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамытудағы әлеуметтік институттардың рөлі" ғылыми жобасы жүзеге асырылып келеді. Зерттеу тақырыбы бойынша жасалған жұмыс жылдарында Музей келесі әлеуметтік институттарды қамтыды: отбасы — балабақша — мектеп — колледж — ЖОО - жастардың үкіметтік емес ұйымдары.
Зерттеулер барысы көрсеткендей, лидерлік қасиет отбасында қалыптасып, келесі әлеуметтік институттарда жалғасады.
Конференция жұмысы барысында отандық ғылымда лидерлік қасиеттің отбасы, мектеп және басқа да әлеуметтік институттарда қалыптасу тәжірибесі зерделенген мәселелер талқыланып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің зерттеу жұмысының нәтижелері таныстырылады.
по материалам: mks.gov.kz