Мәдениет және спорт министрі қайырымдылық қорлар, меценаттар мен донорлар Республикалық Съезінің қатысушыларымен кездесті

26.11.2015 10:52 1749

 

26 қараша, 2015. Астана. Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы өңірлік делегациялар — қайырымдылық қорлар, меценаттар мен донорлар Республикалық Съезінің қатысушыларымен кездесті. Кездесу Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұңғыш Президент күніне арналған «Қайырымдылық керуені" жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Құрылуының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық жобалар мен акцияларды жүйелі түрде жүргізумен айналысып келеді.

«Қайырымдылық керуені" акциясын өткізу қоғамда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің негізгі факторлары ретінде қайырымдылық, гуманизм, риясыз өзара көмек, қазақстандықтардың өмір жағдайлары мен денсаулығына, балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық қағидаттарын бекітуге бағытталған.

Кездесу қатысушылары елімізде соңғы жылдары орын алып отырған қайырымдылық деңгейінің өсуімен қанағаттығын білдірді. Әлеуметтік ортадағы серпінді және қарқынды өзгерістер қазақстандық қоғамның алдында тек мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеттерінің арқасында ғана шешуге болатын жаңа сұрақтар мен міндеттер қояды. Қатысушылар бұл игі істерге отандық орындаушылар мен спортшылардың белсенді атсалысуына ризашылығын білдірді.

«Мәдениет және спорт министрлігі қайырымдылыққа жақын мемлекеттік орган болып табылады деп айта аламыз. Өйткені, біріншіден, бұл Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен тікелей жұмыс істейтін бірден бір Министрлік, ал барлық қайырымдылық шаралар осы үкіметтік емес ұйымдар, қайырымдылық қорлар арқылы өтеді. Екіншіден меценаттық деген түсінік бар, ол да Министрлік жұмысына өте жақын. Өйткені ұлттық мәдениет пен өнерді қолдау мен насихаттау, оның сақталуына қызмет ету — меценаттардың жұмысы болып табылады», — деп ойымен бөлісті кезедсуге қатысушылардың бірі, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Ғазиз Телебаев.

Өз кезегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы Съезд қатысушыларын мәдениет және спорт ведомствасының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік маңызы бар және қайырымдылық жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар ол аймақ өкілдерімен пікір алмасып, әлеуметтік ынтымақтастықтың ықтимал салаларын анықтау халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қолдау, мұқтаж адамдарға көмек көрсету және ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру аясында тиімді өзара әрекеттестікке жағдай жасайтындығын айтып өтті.

«Жалпы, адамзат қоғамының даму тарихына қарар болсақ, қоғамның дамуы мен өркендеуін сол әлеуметтік ортадағы адамдардың бір-біріне қатынаста мейірімділігі мен қайырымдылығымен өлшемдеуге болады. Мен осы тұрғыдан алғанда көмекке зәру жандарға қол ұшын беруді мақсат тұтатын қайырымдылық іс-шаралар өркениетті және заманауи қоғамның адамгершілік кемелденуінің өлшемі деген болар едім», — деп ойымен бөлісті министр.

Сонымен қатар ол меценаттар мен қайырымдылық шара белсенділеріне мұқтаж азаматтарға көрсететін көмегі мен қолдауы, Қазақстан Республикасы және оның тұрғындарының болашағы мен амандығы үшін қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

по материалам: mks.gov.kz