2 желтоқсан, 2015. Астана. Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Тұңғыш Президенті күніаясында Мемлекеттік Эрмитаж бен ҚР Ұлттық музейі арасындағы бірлескен ынтымақтастық шартын жүзеге асыру негізінде «Эрмитаж күндері" басталды. Шара бүгін жалғасады.
Ғылыми реставрация, ғылыми-ағартушылық жұмыстары, музей экспонаттарын сақтау мен қорғау бойынша музей ісінің ірі мамандарынан тұратын делегацияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА корреспондент-мүшесі, Ресей музейлері одағының төрағасы, Халықаралық музейлер кеңесінің мүшесі (ИКОМ), тарихшы-шығыстанушы, арабтанушы және исламтанушы, Таяу Шығыстың ежелгі және ортағасырлық тарихы, Араб түбегінің тарихы, Саба, Химйар, Құран және исламның ерте тарихы, ежелгі араб жазулары, арабтардың эпостық аңыздары, араб қолжазба кітабы, мұсылман мәдениеті салаларын зерттеген Мемлекеттік Эрмитаждың Бас директоры Михаил Пиотровский бастап келді.
— Менің Қазақстанға келгендегі мақсатым — Астана, Қазақстанның Ұлттық музейінде Эрмитаж күндерін өткізу. Жалпы, желтоқсан айының басында Эрмитаж күндерін ұйымдастырып, жыл бойы атқарған жұмысымызды қорытындылаймыз. Биыл өз елімізде есеп берместен бұрын, Астанаға келіп, Эрмитаж күндерін ұйымдастырып жатырмыз. Шара аясында өзара тəжірибе алмасамыз. Ұлттық музейге бұл алғаш келуім,- деді М. Пиотровский.
«Эрмитаж күндерінің" салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,сонымен қатар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
— Ұлттық музейдің халықаралық дəрежеде өз орны болу керек. Михаил Пиотровский реставрация, музейфикация сияқты сирек кездесетін мамандарды ертіп келді. Біздің мақсатымыз — Эрмитажбен тығыз қарым-қатынас орнату. Мысалы, келесі жылы Қазақстанда Эрмитаждың бірнеше көрмесін өткізуіміз керек. Себебі, Эрмитажда Сақ мəдениетіне байланысты көптеген жəдігерлер, Ақсақ Темірдің тасқа жазған жазбалары сияқты көптеген жəдігерлер бар. Сонымен қатар, Қазақстан музейлеріндегі де сирек кездесетін жəдігерлерді Эрмитажға қоюымыз керек. Сондықтан, осы Эрмитаж күндерінің маңызы зор, — деді А. Мұхамедиұлы.
Шара барысында лекциялар, семинарлар, шеберлік сабақтары, кездесулер, музейлердің ИКОМ Халықаралық Кеңесімен бірлесіп қызмет ету бойынша, сонымен қатар, Эрмитаж туралы виртуалды көрме сияқты халықаралық музей жобалары аясында музей салаларын дамыту сынды өзекті мәселелерді талқылау болды.
по материалам: mks.gov.kz