28 қаңтар, 2016. Астана. Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Министрлік басшылығы, комитеттер төрағалары мен департаменттер директорлары, БАҚ өкілдері қатысқан ведомствалық жиында мемлекеттік органның 2015 жылғы жұмысының нәтижелері және 2016 жылға қойылған міндеттер талқыланды.
Отырысты аша отырып, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары мәдениет және спорт ведомствасының стратегиялық дамудың магистралдық жолдарын анықтағандығын айтып өтті.
«Институционалдық реформаларды іске асыру шеңберінде «Біртектілік және бірегейлік» бағыты бойынша халықаралық тәжірибені және ЭЫДҰ мемлекеттерінің стандарттарын негізге ала отырып, 19 нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, соның ішінде 18-і қазіргі таңда бекітілді», - деді А. Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар Министрлік құрамына 6 мың шара енгізілген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу барысында ұйымдастырылатын мәдени-сауық шараларының Кешенді бағдарламасын жасады.
Ведомства опералық және балет өнерінде, ғылыми мекемелер, университеттер, мұрағат және кітапханалар арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне де аса назар аударады. Итальяндық тараптың шақыруы бойынша «Астана Опера» театрының балет труппасы Еуропаның ең ірі театрларының бірі болып саналатын «Карло Феличе» театрында (Генуя қ., Италия) өнер көрсетсе, норвегиялық және неміс ғалымдары Берел қорғаны, «Тамғалы» жартасының петроглифтері секілді т.б. археологиялық ескерткіштерді сақтау және зерттеу бірлескен жобаларға өз қызығушылықтарын білдіруде.
Қазақ кинематография саласын дамыту және насихаттауда да белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Ұлт жоспары аясында 2015-2020 жж. бірқатар кино және тележобаларды жасаудың «Мәңгілік Ел» кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспар еліміздің бай және біртума тарихи-мәдени мұрасын, қазіргі заман шындығының үздік үлгілерін, айрықша тарихи оқиғалар мен көрнекті тұлғаларды кино арқылы насихаттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бес институционалды рефоралардың төртінші бағытын жүзеге асыру мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасын жасады. Оның негізгі мақсаты елдің спорттық өмірін белсендету болып табылады. Жобаның жаңашылдығы – аймақтық спорттық қауымдастықтарды қолдап, спортты экономика саласының бөлігі ретінде дамыту.
2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы (Бразилия) ХХХI жазғы Олимпиада ойындарына қызу дайындық жалғасын тауып келеді. Бүгінгі таңда ұлттық құрамамыз төртжылдықтың басты жарысына қатысу үшін 11 спорт түрінен 45 жолдамаға қол жеткізді.
Сондай-ақ Министрлік қызметінің басты бағыттарына тілдерді дамыту және елдің қоғамдық саяси өміріндегі жұмыс та жатады. Қоғамдық-саяси жұмыс саласында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы және «Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы» қабылданып, азаматтық қоғам институттарының ролін ілгерілету мен үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) жұмыста халықаралық тәжірибе енгізу мақсатында «ҮЕҰ қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бекітілді.
Отырыс соңында ведомстваның 2016 жылғы жұмыс бағыттары анықталып, Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және ведомствалық бағынысты ұйымдарының басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
по материалам: mks.gov.kz