2016 жылдың 19 ақпанында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми кітапханасының Ақселеу Сейдімбек атындағы залында «Рухани мәдениетті сақтау мәселелері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Семинар ҚР МСМ «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүзеге асырып отырған «Қазақтардың рухани мәдениет мұралары артефактілеріндегі Орталық Азия мен Еуропа қазақтарының ұлттық бірегейлігі» гранттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Семинар жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультеті археология және этнология кафедрасының оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Семинардың модераторы археология және этнология кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к. Ұ.Ү. Үмітқалиев болды. Семинарда ҚР материалдық емес мәдени мұраларды сақтау бойынша Ұлттық кеңес мүшесі, т.ғ.д., археология және этнология кафедрасының профессоры Ж.О. Артықбаев «Қазақстандағы материалдық емес мәдени мұраларды сақтау мәселелері» (Материалдық емес мәдени мұраны сақтау бойынша Ұлттық кеңес жұмысы туралы), ал т.ғ.к., археология және этнология кафедрасының доценті З.К. Сураганова «Үлкен Алтай қазақтарының материалдық емес мәдениет мұралары» тақырыптарында баяндама жасады.
Қазақстан Республикасы мен Орталық Азиядағы қазақ халқының материалдық емес мәдени мұраларын сақтау мәселелерін талқылауға археология және этнология кафедрасының доценттері т.ғ.к., М.К. Хабдулина, т.ғ.к. Қ.Қ. Сарсембина, т.ғ.к. З.О. Ибадуллаева, т.ғ.к. С.Р. Курманова, жас оқытушылар К.К. Рахимжанов, Ж.Т. Алтаева, сонымен қатар «Археология және этнология» мамандығында білім алушы магистранттар мен докторанттар қатысты.
Семинар конструктивті сұхбат түрінде өтті. Семинарға қатысушылар Қазақстан территориясы мен шетел қазақтарындағы материалдық емес мәдениет артефактілерін сақтау және жан-жақты зерттеу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.