2016 жылы «Көшпелі қазақтардың мәдениеті мен өнеріндегі дәстүрлі жан-жануарлардың бейнесі мен сарыны (ежелгі дәуір, орта ғасыр және кейінгі кезең)» атты жоба аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайымен бірлесіп Жетісу жеріндегі петроглиф ескерткіштеріне ғылыми-барлау жұмыстарын жүргізген болатын.
Археологиялық барлау жұмыстары алдын ала әзірленген маршрут бойынша жүргізілді. Маршруттың негізгі бөлігі – есік – Қыземшек – Асысаға – Құрайлы – Шошанай – Қаракүнгей – Таңбалы – Құлжабасы – Есік.
Барлық зерттелген нысандар GPS- гарминге түсіріліп, сипатталды. Барлау барысында жаңа бес зерттелмеген нысандар табылды. Ондағы жартас суреттерінің ескерткіштері қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды.
Ернар Естемесов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғылыми қызметкері: Жетісу жеріндегі петроглифтерді зерттеу бойынша жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде бұрындары зерттелмеген жаңа нысандар ашылды. Жартас суреттерінің бірегейлігі ретінде көптеген дәстүрлі жан-жануарлардың сюжеттерінен тұратынын айтуға болады. Суреттердің бір бөлігі аңшылық, соғыс қимылдарымен байланыстырылып салынса, келесі кезегі сақ-скиф стилінде өзіндік ерекшелігі бар, үлкен шеберлікпен салынғаны анық көрініп тұр. Табылған нысандар ары қарай ғылым мен мәдени туризмді дамыту үшін тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
«Қазақстан территориясындағы петроглифтерді зерттеу мәселесі өкінішке орай аз зерттелген. Аталмыш ғылым бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар саусақпен санарлық. Олар: Алексей Марьяшев, Мир Қадырбаев, Зейнолла Самашев, Виктор Новоженов, Алексей Рогожинский және Виктор Потапов. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкерлері жүргізген зерттеулері шын мәнінде назар аударарлық. Қыземшек шатқалы мен Асысаға, Құрайлы, Шошанай және Қаракүнгей петроглифтерінің бір бөлігі бұрын-соңды зерттелмеген. Табылған материалдармен таныса келе, петроглифтардың әр кезеңге жататындығы белгілі болды. Қола дәуірінен бастап, ерте темір (сақ дәуірі) және кейінгі орта ғасырдың ескерткіштері кездеседі. Мысалы, қола дәуірінің ескерткіштеріне мүйіздері артқа қарай майысқан ешкілер болса, «сақ кезеңіне» мүйіздері тармақты бұғылар кездеседі. Тағы да бір еске сала кететін жайт, ол табылған жартас суреттеріндегі аңдар мен құстарға арналған сюжеттердің көптеп табылуы. Осы уақытқа дейін құстардың табылуы сирек құбылыс болып келген, тіпті тұңғыш рет табылды деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар тыңғылықты зерттейтін ұсақ детальдар бар. Археологиялық барлау барысында Жетісудан табылған барлық материалдар нақты сипаттамасы мен географиялық координаттарымен алынып, каталог түрінде көпшілікке қол жетімді түрде жарыққа шығуы тиіс»
Жартасқа салынған бейнелеу өнерінің қалыптасу тарихын бір немесе бірнеше тарихи-мәдени кезеңнің, бір не болмаса бірнеше тайпалар мен халықтың өнімі ретінде емес, далалық аймақтардағы бірыңғай өнердің өзара бірыңғай процессте дамуының іс-қимылдары ретінде қарастыру керек.
Петроглифы Шошанай
Петроглифы Каракунгей
Петроглифы Курайлы
Петроглифы Шошанай
Археологический маршрут