2017 жылдың 15 ақпанында Орталық коммуникациялар қызметінде пресс-конференция өтті. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, ЭКСПО-2017 аясында барлық мәдени ойын-сауықтық шаралардың ақпараттық жарқағазы болатын expo2017culture.kz, ғаламтор-сайтын таныстырды.
Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры, PhD докторы,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Хазбулатов ғаламтор-сайты туралы:«Аталған веб-портал үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілінде қызмет етеді. Шаралар өтетін күні мен уақыты арқылы іздестіріледі. Сондай-ақ, мәдени-ойын-сауық шаралардың интерактивті картасы әзірленген. Бұл картада жаппай мәдени шаралары белгіленген. Осы белгіні басу арқылы қажетті шаралардың ақпараттарын алуға болады.Портал арқылы қажетті шаралардың билеттерін де сатып алуға мүмкіндік жасалған. Порталда кері байланыс іске қосылды, кез-келген пайдаланушы орналастырылған арнайы қызметке кіріп, толғандырған сауалдарына қатысты жауап іздей алады»,-деді.
Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 3,5 мыңнан аса мәдени және спорттық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланғанын жеткізді.
«ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасы еліміздегі көпұлтты халықтың және қазақ халқының мәдени және өнер ортасын өз бетінше сезінуге мүмкіндік береді. Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы жетістіктері, еліміздің бас қаласы-Астананың көркеюі мен даму кезеңдері мәдени шаралары арқылы көрсетіледі, сондай-ақ, Астана қаласының сахналық алаңдарында тамашаланады»,-деді спикер.
Толық ақпарат: www.ortcom.kz