Қазақстанға баға жетпес жауһарлар әкелінді

13.06.2017 10:00 2701
  • IMG-20170612-WA0033
  • СЦК-министр
  • 1
  • 575b70de224dfc1d020643bcd1b7330da5f03f07
  • 2
  • WhatsApp Image 2017-06-12 at 16.17.57

2017 жылдың 12 маусымында ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ведомствоның тапсырысы бойынша ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен  «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорктегі мұражайынан алынған жауһарлар» және «АҚШ-тың жеке топтамаларынан алынған орыс өнерінің жауһарлары» экспозицияларының ашылуына арналған баспасөз-конференция өтті.

БАҚ-пен кездесуге Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Орыс-американдық қордың президенті, американдық «Son Mar Group» компаниясының негізін салушы, Мемлекеттік Бруклин мұражайының (АҚШ-тағы ең ірі мұражай) экс-кураторы Марина Ковалева, американдық «Son Mar Group» компаниясының және TondoArt арт-платформасының негізін салушы, “Сотбис» аукциондық үйінің экс-аға вице-президенті Соня Беккерман қатысты.

-  Бірнеше күндерден кейін біз көре алатын Рерих еңбектерінің көрмесі ЭКСПО аясындағы мәдени бағдарламаның маңызды іс-шараларының бірі болып табылады. Бұл біздің осындай ауқымдағы алғашқы мұражайлық жобамыз. Және бұл экспозиция ұйымдастыру шығындарын толықтай өтеуді өзіне алған американдық «Son Mar Group» компаниясының қолдауы арқасында мүмкін болды. Екі көрме де, АҚШ шекарасынан ешқашан аспаған, расымен де баға жетпес жауһарлар! – деп, ведомство басшысы бөлісті.

Экспозиция, суретші Николай Рерихтың шығармашылығына арналған Құрама Штаттардағы жалғыз мұражайдың суреттерінен құралған. «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорктегі мұражайынан алынған жауһарлар» шебердің шығармашылық ауқымын паш етіп, суретшінің жасөспірім шағы мен 1920-1940 жылдары салған 37 жұмысын қамтиды.

- Бұл Қазақстан үшін ғаламат оқиға, мәдениет саласындағы біздің мемлекеттер арасындағы диалог негізіне айналған іс-шара мұражай үшін де ғаламат оқиға деп санаймын. Көрменің ЭКСПО аясында өткізілгені және оның идеясы – гуманизм, достық, серіктестікпен үндес болуы символикалық мәнге ие. Николай Рерих осыған талпынған, оның философиясы да осыған негізделген. Көрмелерімізді ұйымдастыру идеясын қолдаған Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және Рерихтың Нью-Йорктегі мұражайының директоры Гвидо Трепшаға , сондай-ақ, Николай Рерих шығармашылығының барлық кезеңдерін тиісті деңгейде көрсете алатын бірегей жауһарларды мұқият іріктеген Sotheby’s аукциондық үйінің орыс бөлімінің директоры Соня Беккерманға алғыс айтқым келеді- деп, Марина Ковалева  баса айтты.

Көрме кураторлары екінші экспозиция – АҚШ-тың жеке топтамаларынан алынған орыс кескіндемесінің жауһарлары жиынтығының шымылдығын жартылай ашты. Олардың айтуы бойынша келушілер  XIX–ХХ ғасырлардың өнер тарихына ерекше әсер еткен Айвазовскийдің, Ларионтың, Гончарованың, Коровиннің жұмыстарын көре алады. Осы көрменің бастамашысы орыс өнерінің галереясы «ABA Gallery» болды.

Көрме 14 маусымнан бастап Астананың ұлттық мұражайында өз есігін айқара ашып, ЭКСПО-2017 аяқталғанша жалғасады.

Кесдесу соңында Марина Ковалева Арыстанбек Мұхамедиұлына Қазақстан мен АҚШ арасында мәдениет саласындағы қарым-қатынасты нығайту белгісі ретінде  қол алысу бейнеленген мүсіншені табыстады.