ОРМАНДЫБҰЛАҚ ҚОРЫМЫ – КӨНЕ ДӘУІР КУӘГЕРІ

30.10.2017 10:00 2431
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7

Аталған ескерткіш тобындағы өзіндік ерекшелікке ие №3 қоршау болды. Себебі, бұл қоршау сыртқы пішімі бойынша өзгелеріне ұқсас болғанымен, ішкі қабір бөлігіне тас плиталарды тұрғызуымен ерекшеленеді.

Қазақ даласының қай шетіне барсақ та тарихы тұнған талай мұраларға куә болатынымыз анық. Құм басқан ескерткіштерді жер астынан аршып алып, оларды сөйлету ˗ археолог ғалымдардың негізгі міндеті. Осы бастамалардың ортасында жүретін Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының алдына қойған мақсаты ˗ Қазақстан аумағындағы табиғи ландшафт нысандарының жеке атауларын, киелі орындар мен материалдық мәдениет ескерткіштерін толықтай зерттеу, жүйеге түсіру және оларға құрылымдық талдау жасау. Аталған Институт биылғы жылы өз бастамашылдығымен 10-нан астам далалық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Солардың бірі – Ормандыбұлақ қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары.

 

Ескерткішті қалпына келтіру шарасының барысы

Ормандыбұлақ қорымы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарсақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым қашықта орналасқан. Қорым өзіндік жазықты алқапта орналасуымен ерекшеленеді. Ескерткіш аумағының оңтүстік-шығысын қарағайлы орманды алқап қоршап жатса, батыс бөлігінде Қарсақ тауы жайылып жатыр. Биылғы қазба маусымы қорымның солтүстік бөлігіндегі орналасқан қола дәуірінің қоршауында қазба жұмыстарымен басталды.

 

 Ормандыбұлақ қорымындағы №1 қазбаның сызба-жоспарын түсіру кезі

Үлкен тас плиталарды тігінен қою арқылы тұрғызылған ескерткіштердың архитектуралық құрылымдары да ерекше.

Шағын көлемді ескерткішті шеңбер түрінде жасап, ортасында адамды мүрдесін жерлеу дәстүрі болғандығын көруімізге болады. Диаметрі 5 м, биіктігі 65 см құрайтын №1 қоршаудағы қазба жұмысы ескеркіштің ортасынан оңтүстік-солтүстік бағытта жал қалдыру әдісі арқылы жүзеге асырылды.

 

Ормандыбұлақ қорымындағы №1 және №2 нысанындағы топырақ қабатынан тазартылған көрінісі

Ескерткіштің бетін топырақ қабатынан тазартқаннан кейін қабір дағы белгілі болды. Қабір шұңқырының беткі қабатын ағаш бөренелермен жапқандығын шірінді ағаш қалдықтарынан анық байқауға болады. Қазба нәтижесінде қыш сынықтарың бірнеше бөліктері табылды.

Сондай-ақ, қоршау тастарын тазарту барысынды шығыс секторындағы тас плиталардың сыртқы бөлігінен бұзылмаған керемикалық ыдыс табылды.

 

Ормандыбұлақ қорымындағы №1 және №2 нысанындағы топырақ қабатынан тазартылған көрінісі

Одан кейінгі зерттеу жұмысы №2 қоршауда жалғасын тапты. Ол бірінші қоршаудың қасында орналасқан. Көлемі шағын – 4м, биіктігі – 60 см. Қазба жұмыстары нәтижесінде керамика сынықтары табылды.

Аталған ескерткіш тобындағы өзіндік ерекшелікке ие №3 қоршау болды. Себебі, бұл қоршау сыртқы пішімі бойынша өзгелеріне ұқсас болғанымен, ішкі қабір бөлігіне тас плиталарды тұрғызуымен ерекшеленеді.

Қазба нәтижесінде №3 қоршаудан адам қаңқа сүйектері мен формасы сақталып, үлкен шеберлікпен жасалған екі керемикалық ыдыс табылды. Мұндай қалыпта ыдыстардың бүтін күйде табылуы сирек кездеседі. Аталмыш ескерткіштердің барлығы да қазба-зерттеу жұмыстарынан қалпына келтіріліп, рекультивациялық шаралар ұйымдастырылды.

 

Қола дәуірінің бірегей қыш ыдыстары

Ормандыбұлақ қорымдарындағы зерттеулерден кейін, археологиялық отряд Қарсақ ауылы маңындағы Қарсақ қорымында зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Қарсақ-Зеренді тас жолының оң және сол жағалауында орналасқан екі қоршауда зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Бірінші объект сопақша пішінді болуымен ерекшеленді. Оңтүстіктен солтүстікке қарай созыла орналасқан қоршаудың диаметрі – 8 м құрайды. Қазба нәтижесінде көптеген қыш ыдыстардың сынықтары мен металл бұйыдардың бөліктері табылды.

 

Ормандыбұлақ қорымындағы қазба жұмысының басталар сәті

Қарсақ қорымының екінші ескеркішіндегі археологиялық қазба жұмыстары биылғы қазба маусымының жұмысын аяқтады.

Архитектуралық құрылымы бойынша биылғы зерттелген ескеркіштердің ішіндегі ерекшесі осы қоршау. Төртбұрышты пішіндегі қоршаудың тас плиталары да өте көлемді болды. 5х5 м көлемдегі қоршау алғашқы қалпынан айнымай сақталған.

 

Қарсақ қорымының №2 нысанындағы қазбаның аяқталған сәті

Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдарынан құралған экспедиция Ормандыбұлақ қорымындағы биылғы маусымдағы қазба жұмыстарын сәтті аяқтады.

Аталған ескерткіштегі кешенді зерттеу жұмыстары алдағы жылдары өз жалғасын табады деп жоспарлануда.

Пердехан МҰСЫРМАНҚҰЛ,

PhD докторант

http://e-history.kz/kz/publications/view/3557