ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар Күлтөбе қалашығының тарихы кезең-кезеңге бөлінетінін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ғалымдардың айтуынша, Күлтөбе қалашығына алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді.
2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады.
«ERG Қазақстанның қасиетті жерінде жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарының маңызын түсінеді. Өткенді танып-білмей, келешекке қадам басу мүмкін емес. Сол себепті өз еліміздің тарихына бей-жай қарай алмаймыз. Қазба жұмыстарының арқасында табылатын тарихи мұралар бабаларымыздың ұлылығын паш етер деген нық сенімдеміз», - дейді «ERG Көмек» қорының жетекшісі Болат Оразов.
«Күлтөбе қалашығының тарихи орындарын қалпына келтіру» бағдарламасы ERG-дің жалғыз әлеуметтік жобасы емес. Жалпы кейінгі бес жылда Еуразиялық Топтың республикадағы түрлі іс-шараларға жұмсаған әлеуметтік инвестицияларының көлемі 107 миллиард теңгеден асқан.
Бұған дейін Қазақстандағы Күлтөбе-Ясы қалашығына күрделі зерттеу және толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген емес. Қазіргі зерттеу жұмыстары археологиялық нысандардың кәсіби сараптамасын да қамтиды.
2019 жылы Күлтөбенің ежелгі қонысының бүкіл аумағына (27 га) ауқымды георадарлық сканерлеу жүргізілді. Жұмыс барысында нысаналы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін ең перспективалық учаскелер айқындалды.
№1 учаскеге археологиялық зерттеу жұмысы жүргізіліп, негізінен XII-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңге жататын бірқатар әртүрлі археологиялық нысан тазартылды. Бұл табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді.
Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын мына кезеңдерге бөлуді ұсынуға болады:
- ерте кезең (II-IV ғасырлар) - Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық;
- екінші кезең (VII - IX ғасырлар) - түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс;
- үшінші кезең (Х - ХІІІ ғасырлар) - ортағасырлық кезең (қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауи дәуірі); - төртінші кезең (XVI - XIX ғасырлар) - Қазақ хандығының кезеңі (маңызды саяси және экономикалық орталық, мәдениеттердің тоғысуы, Түркістан - Қазақ хандығының астанасы, қазақ-жоңғар соғыстары кезінде құлдырап кеткен толыққанды қалалық инфрақұрылым).
Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталды. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар (Құран кітабы болуы мүмкін) табылды.
Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтіріледі де (қажет болған жағдайда), мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналады.
2020 жылы археологиялық зерттеулерге сәйкес №2 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізіледі.