«Тіл біткен» ою-өрнектер: Күлтөбе қалашығында көне қыш ыдыстар қалпына келтірілуде

21.07.2020 16:56 1397

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында тарихшылар тарихи нысандарды реставрациялап қана қоймай, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бірегей өрнекті қыш жәдігерлер мен олардың бөліктерін қалпына келтіріп жатыр.

Тарихшылардың пайымдауынша XV- XVIII ғасырларға жататын, 2020 жылғы дала жұмыстары барысында Күлтөбе қалашығында табылған суармалы керамиканың үлгілері мен бөліктері көптеген фактордың ықпалына түскен түркістандық өзіндік стильді паш етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғылыми қызметкері Ерлан Қазизовтың айтуынша Күлтөбе қалашығында табылған әрі қазіргі уақытта қалпына келтірілген керамикалық бұйымдар – аймақтың шығармашылық мәдениетінің жарқын көрінісі. Ол жергілікті қыш-құмыра ісінің хас шеберлерінің талғамы мен қалауынан сыр шертеді.

«Археологиялық керамикалық бұйымдарды реставрациялау жұмысына археологтар мен тарихшылар ғана емес, кәсіби суретшілер де тартылған. Мәселен реставрация барысында маған түркістандық суретші, керамикашы Динара Срожитдинова көмектесуде. Бұл өте көп еңбекті қажет ететін, алайда өте қызықты іс: бұйымның толыққанды бөліктерін жинау оңай емес. Ірілерінен бастап ұсақ фрагменттерге дейін құрап шығару керек», - дейді жобаның аға ғылыми қызметкері, археолог Ерлан Қазизов.

Таяуда ғана табылған жәдігерлер XVI – XVIII ғасырларға тиесілі, қоңыр, жасылдау, тоқсары және басқа түстермен жазылған жазулары бар, сирек кездесетін сары түсті суармалы керамикалар түріне жатады. Алайда жалпы XV – XVIII ғасырларға жататын Күлтөбе керамикасы жарқын әрі мазмұнды колорит, жапырақтың, гүлшанақ пен гүлдердің өзіндік композициялық трактовкасы ерекшелендіреді. Ол «темір хандығы стилінің» аймақтық үлгісі іспеттес, ирандық керамика тобына жақын, қытайлық фарфорға аздаған еліктеушілігі бар әрі Шығыстың орта ғасырдағы ою-өрнекті жергілікті трактовкасынан айрықша болады.

Жергілікті көркем қолөнердің түріне отандық зерттеушілер ғылыми еңбектеріне көп мән бере бермейді. Түркістандық қолөнершілер туралы жазған Е.А.Смағұловтың бірден-бір мақаласын ғана келтіруге болады. Сол себепті бүгін таныстырылған бүгін таныстырылған жәдігерлер – аймақтың көркем мәдениетін және жергілікті қолөнер өндірісін зерттеуде бағалы үлес», - деп атап өтті этнограф әрі археолог, «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасының жетекші ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова.

«Әрбір бірегей жәдігерді біз зерттеп қана қоймай, бірден таныстыруға тырысамыз. Бүгін таныстырылған керамикалық бұйымдар ерекше ою-өрнегімен, үйлесімді өсімдік тектес және геометриялық о-өрнегімен, түр-түс трактовкасымен ерекшеленеді. Оны біздің мамандар әлі де зерттеп жатыр. Қаақстанның ежелгі тарихы мен мәдениетін зерттегісі келетіндерді осы және өзге де жәдігерлермен «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркінің (kultobe.com) ресми сайтынан және біздің Facebook (@kultobe), Инстаграмм (@kultobe_) әлеуметтік желісінен танысуға шақырамыз. Жоба Eurasian Resources Group (ERG)» қаржылық көмегімен жүзеге асырылуда», - дейді жобаның бас ғылыми қызметкері, мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.