Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында қалпына келтірілген экспонаттар көрмесі ашылды. Экспозицияда мұражай мұрағатынан 916 жәдігер бар. Олардың ішінде көпшілік назарына зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, картиналар, акварельдік суреттер, құжаттар мен қолжазбалар, әртүрлі археологиялық табыстар ұсынылған. Экспонаттар III-IV, XVIII және XIX ғасырлар аралығын қамтиды.
Мұражайда 28 жыл бұрын ашылған Қалпына келтіру орталығының қызметкерлері жүздеген алуан түрлі қызықты жинақтарды соңғы үш жылда қалпына келтірген екен. Барлық жұмысқа қатаң түрде құжат толтырылады.
"Бізде нысанды жаңартқанға дейін жағдайын сипаттайтын арнайы қалпына келтіру құжаты бар. Көнерген жәдігерлердің бүлінген тұстары суретке түсіріледі, содан кейін барып қалпына келтіру жұмысына кірісеміз", - деді мұражайдың Қалпына келтіру орталығының басшысы Шолпан Тұрсынбаева.
Ол мұндай жұмыс атқаратын мамандарды дайындайтын оқу орны Қазақстанда жоқ екендігін атап өтті. Орталықтың барлық мамандары негізінен тарихшылар, археологтар, олар Мәскеу, Санкт-Петербор, Түркия оқу орындарында біліктіліктерін арттырып келіп, ҚР өңіріндегі әріптестерімен білімдерін, дағдыларын бөліседі.
ҚазАқпарат