Түркістан жерлері әлі күнге дейін көптеген сырлар мен құпияларға толы. Бір мозайканың пазлдары сияқты ежелгі олжалар бірігіп, осы жерлердің таңғажайып оқиғаларын баяндайды. 2000 жылдан астам уақыт бұрын аңызға айналған Түркістанның тарихы басталған, әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 350 метр қашықтықта ораналасқан - Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылуда.
«Күлтөбе қалажұрты туралы алғашқы жазбаша ақпарат IX- X ғасырлардағы араб-парсы деректерінде кездеседі. Араб саяхатшысы аль-Истархи оны «Шавғар» қонысы ретінде атап өтеді. XII ғасырда Шавғар құлдырап, Ясы аймақтың орталығына айналды. Ясы туралы алғаш рет XIII ғасырдың ортасында Моңғолия хандары Бату мен Мөңкенің ордаларына барған армян патшасы Гетумның күнделігінде айтылды. Түркістан қаласының қазіргі атауы XVI ғасырдан бастап қолданыла басталды», - дейді Андрей Хазбулатов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры.
Күлтөбе - Қазақстандағы ежелгі қалажұрттың бірі болғандықтан қызықты. Оның жасын осы жерден табылған заттар дәлелдейді. Күлтөбе қалажұртының алғашқы археологиялық дәлелдерін 1973 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих және археология институтының Т.Н. Сенигова басқарған Түркістан археологиялық отряды тапты.
Күлтөбе қалажұртын барлау 1980 - 1982 жылдары, содан кейін 2010 - 2012 жылдары Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының Е.А. Смағұлов басқарған Түркістан археологиялық тобы жалғастырды.
Ал, 2019 жылы мұнда ашық аспан астында археологиялық саябақ құру бойынша ауқымды жоба басталды. Жұмыстардың ішіне - археологиялық қазбалар, консервациялау және ғылыми қалпына келтіру кіреді. Қазба жұмыстарды PhD докторы А.Р. Хазбулатов жетекшілігімен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізеді.
27 гектар жерде археологиялық, консервациялық және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қалажұрттың барлық аумағы әрқайсысы 9 гектардан 3 бөлікке бөлінген. Жұмысты 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ғалымдар қазірдің өзінде туристерді қызықтыратын бірнеше басты нысандарды анықтады. Олардың арасында ежелгі қасиетті орын, типтік жер иесінің үйі, XII ғасырдағы сопылар үйі, қолөнершілер үйі және т.б. бар.
«Қалажұрт аумағында Қазақстанның төрт маңызды тарихи кезеңдері: I-V ғасырлар - қаңлы кезеңі, крес тәрізді ғибадатхана, цитадель және қамалдың бекініс қабырғасы; VII-IX ғасырлар - бекініс қоршауымен қоршалған тұрғын және қоғамдық ғимараттармен ерте ортағасырлық кезең; XII ғасыр - қала мәдениетінің гүлденуі және Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезең ретінде сипатталған ортағасырлық кезең; XVI-XIX ғасырлар - Қазақ хандығы кезеңі, көшпелі тайпаларды күшті мемлекеттік одаққа біріктіру үшін осы қаланың геосаяси және рухани маңыздылығын күшейту кезеңдерінің археологиялық ескерткіштері табылды. Қалажұрттың әр дәуірі қасиетті жерлерден тұрғын үйге дейінгі археологиялық нысандарымен және көптеген жәдігерлермен ұсынылған», - дейді Андрей Хазбулатов.
Күлтөбе қалажұртын қазу кезінде көптеген қызықты заттар: алтын, темір және қола бұйымдар, керамика, тиындар, органика, тандыр пештері бар үй-жайлар, көптеген ыдыс сынықтары табылды. Бірнеше жүздеген жылдар бойы жерде жатқан, бірақ бәрібір таңғажайып дыбыстар шығаратын бала ойыншығы - саз ысқырық та табылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін безендірген ұқсас тақтайшалар табылғандығы назар аударарлық дерек болды. Бұл Күлтөбеде осы тақтайшаларды шығаратын шеберханалардың болғандығын көрсетеді.
Табылған тиындардың бірі VIII ғасырға жатады. Бұл тұжырым ғалымдарға қалажұрттың шынымен де сауда-саттықтың орталығы мен астанасы болғанын, Шығыс пен Батыс арасындағы халықаралық қатынастардың негізін қалаған Ұлы Жібек жолының бір нүктесі болғанын көрсетті.
«Күлтөбе - Қазақстандағы ең ежелге қала болуымен ғана ерекшеленбейді. Әрине, еліміздің көптеген аймақтарында көне қорғандар, ортағасырлық қалалар сақталған, бірақ Күлтөбе сияқты көне қалажұрттар жоқ,- дейді жоба басшысы. Қала өзінің көп қабаттылығымен де қызықты және мұны жәдігерлер растайды. Мұнда көптеген оқиғалар болған, қала бірнеше рет қалпына келтірілген. Күлтөбе- сауда, қолөнер және өнеркәсіптік қала болған».
Жаңа технологиялар тарихшыларға ежелгі Күлтөбенің құпиясын ашуға көмектеседі. Георадарлық сканерлеу әдісі қазба жұмыстарын бастамай тұрып перспективалы аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Радиожиіліктің көмегімен сканер ауытқуларды, яғни біртекті топырақ құрылымында металл, керамика немесе сүйек қалдықтарын анықтайды. Диаграммаларда олардың болуын әртүрлі түстермен көрсетіледі. Сол диаграммалар бізге 2-3 метр тереңдікте жатқан ежелгі іргетастардың фрагменттерін де көрсетеді.
«Сканердің көмегімен біз қазба жұмыстары басталғанға дейін адам сүйектері бар үлкен аумақты таптық. Ежелгі зират болған деген болжамымыз болды. Біз бұл аймақта қазба жүргізген жоқпыз, өйткені сүйектен басқа ештеңе таба алмайтынымыз анық болды. Кәсіби археолог әрдайым сканерлейтін маманымен бірге болады, ол белгілі бір аймақтың рельефтік ерекшеліктеріне қарай оның археологиялық тартымдылығын бағалайды. Біз тереңдігі 6 метрден 12 метрге дейін шурф төсейміз. Мәдени қабаттарды зерттейміз. Егер адам тіршілік әрекетінің заттары болса, онда бұл аймақ толығырақ зерттеледі», - дейді Андрей Хазбулатов.
Жұмысқа мұндай ұқыпты көзқарас түсінікті: ежелгі қалажұрттың өзі тарихи маңызы зор, бірақ сонымен қатар, ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің буферлік аймағында орналасқандығында.
Жоба авторлары Күлтөбе қалажұрты- Әзірет-Сұлтан мұражай-қорығының және Түркістан оазисінің ең танымал туристік орындарының бірі ретінде бірегей археологиялық саябаққа айналатынына сенімді. Оның ресми тұсаукесері осы жылға жоспарланған. Сонымен бірге, Күлтөбенің әлеуметтік желілерде өзінің жеке парақшасы және ресми сайты www.kultobe.com. бар.