Сұрақ белгісі түріндегі қоңыраулар мен сырғалар. Ежелгі қазақстандық сәнқой әйелдер қандай бұйымдар таққан?

25.02.2021 00:00 1398

Еуразиялық топтың (ERG) қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының мамандары Күлтөбе қалажұртында қазба жұмыстары кезінде ежелгі Түркістанның көптеген құпияларын ашуға мүмкіндік беретін ең құнды жәдігерлер жиынтығын жасады. Жобаның аға ғылыми қызметкері, п.ғ.к. Жанерке Шайгозова «ЭК» тілшісіне осы қазыналардың ғылыми құндылығы туралы айтып берді.

- Жанерке Наурызбайқызы, Күлтөбеден табылған заттардың ішінде қаңлы мемлекеті дәуірінен келе жатқан зергерлік бұйымдар қазынасы ерекшеленеді. Осы туралы көбірек әңгімелеп берсеңіз.

- Алтын, қола және жартылай бағалы тастардан жасалған зергерлік бұйымдар қазынасын Ерболат Смағұлов пен Айсұлу Ержігітова археологтары 2019 жылы цитадельдің батысынан тапқан. Табылған заттар көрсеткендей, зергерлік өнерге шебер болған қаңлылардың негізгі бұйымдарының жиынтығы алтын сырғалармен, қола сақиналармен, түрлі-түсті тастар салынған алтын айылбастармен, сондай-ақ тастардан жасалған әр түрлі моншақтармен ұсынылған. Сырғалардан  басқа, әр түрлі пішіндегі бөлшектер, сонымен қатар, сақина түрінде иілген, белгісіз мақсатта қолданылған жіңішке, жұқа пластиналар алтындардан жасалған. Табылған заттардың «үлкен» жасына (б.з. III-IV ғғ.) қарамастан барлық заттар жақсы сақталған.

Жеке мен үшін, бұл зергерлік бұйымдардың мағыналық және символдық мәні үлкен қызығушылық тудырады. Өсімдіктердің тұқымы немесе жемісі түріндегі миниатюралық қоладан жасалған салпыншақтар ерекше көзге түседі. Мүмкін, олар әйелдің бала көтеру символы болған, дәлірек айтсақ, алқаның иесіне «бала көтеруді» тілегенде берілген. Сонымен бірге, жалпақ қоңырау түріндегі алтын бұйымдар, сондай-ақ қола қоңырау өте қызықты көрінеді, олар әйел костюмінің сәндік бөлшектері болғаны мүмкін. Мұндай зергерлік бұйым үлкен моншақтар, сүйектерден және басқа заттардан тұратын бойтұмар жиынтығының бөлігі болғаны ықтимал. Жалпы қоңырау, ежелгі адамдар сенімі бойынша аспан мен жер сфераларын байланыстырушы тұмарша болған.

- Күлтөбенің зергерлік жиынтығына тағы қандай зергерлік бұйымдар кіреді?

- Күлтөбелік зергерлік жиынтығы нумизматикалық немесе керамикалық жиынтық сияқты көп емес. Соған қарамастан, бұл аймақтағы қолөнердің осы түрінің даму кезеңдерін көрсететін, үлкен қызығушылық тудыратын жиынтық. Мысалы, қалажұрттың алғашқы қабаттарында өзінің зергерлік өндірісінің бар болғанының тікелей дәлелі табылды. Археологтар алтынды балқытуға арналған миниатюралық дөңгелек түбі бар ыдысты - отбақырды, зергерлік бұйымдарға кірме ретінде қызмет еткен шыны сынықтары мен тас кесектерінің жеткілікті мөлшерін, тіпті ежелгі зергер шеберханасының бөлшектерін тапты.

Күлтөбе қалажұртының кейінгі қабаттарында 2020 жылы зергерлік құралдар - ою-өрнек салуға арналған нақыш жиынтықтары табылды. Олардың бірі – темірден жасалған, ұшы үшкір және өте массивті. Екіншісі - мыстан жасалған және қуысты. Екі құрал да көп қолданылған. Біздің археологтар болашақ зергерлік бұйымдардың бөлшектерін құюға арналған мыс құйма формасын тапқан. Бұл жәдігерлердің барлығы зергерлік шеберхананың немесе тіпті бірнеше шеберханалардың жеткілікті дамығандығын көрсетеді.

Өткен далалық кезеңде ақ металдан жасалған білезікті, мыс пластинадан жасалған бұйымдар мен мыс сақинаны да атап өтуге болады. Ал, 2019 жылы мыс, қола және күмістен жасалған жүзіктер, сырғалар, білезіктер табылды. Көгілдір  ақығы бар күміс сақинаның біреуі VII–VIII  ғасырларға, басқасы- XIX–XX ғасырларға жатады. Ақ дөңгелектелген тастармен безендірілген сұрақ белгісі түрінде жасалған ерекше пішіндегі алтын сырғалар өте қызықты көрінеді, бірақ әзірге мамандар уақыты туралы шешім қабылдаған жоқ, заттар ерте орта ғасырларға жататыны мүмкін.

Жалпы, күлтөбелік зергерлік өнері үлгілерінің уақыт диапазоны өте үлкен. Қола дәуірі, сақтар мен сарматтар кезеңінде пайда болып, үйсіндер, ғұндар мен қимақ-қыпшақтардың дәстүрлерін бойына сіңірген Күлтөбе қалажұртының зергерлік жиынтығы белгілі дәрежеде Қазақстанның зергерлік мәдениетінің саласы ретінде дәстүрлі қазақ қолөнерінің кәсіби түрлерінің бірін көрсетеді.

Уақыт кезеңіне қатысты зергерлік жәдігерлердің негізгі жиынтығын ең ерте кезеңі (қаңлы дәуірі) мен кейінгі орта ғасырлар арасында бөлуге болады. Екеуі де, көлемі жағынан Күлтөбеде бірдей ұсынылған. Алда әлі далалық зерттеулердің тағы бір жылы бар, сол уақытта көрініс өзгеруі мүмкін.

- Күлтөбеден табылған зергерлік бұйымдардың баламалары бар ма?

-  Күлтөбе қалажұртында табылған қалаш тәрізді сырғалары мысалында кейбір өндіру технологиялыры алып қолданылған. Осындай зергерлік бұйымдардың үлгілері ахеменидтық дәуірге жатады. Олар кеш сармат және ғұн кезеңінде Еуразияның аумағында  соған ұқсас типтері кең таралған. Мұндай сырғалардың пішіні ескі болып саналады. Күлтөбелік сырғаларының ең ұқсас баламалары - Ордабасы аймағында орналасқан тағы бір ежелгі қоныста, сондай-ақ Қырғызстандағы Красная Речка қонысында табылған.

Қола қоңыраулар бүкіл Еуразияда да кең таралған. Бұл тұрғыда сарапшылар бұйымдардың өзі емес бұйымдардың стилі көп қолданыста болды деп есептейді. Сондықтан Күлтөбеден табылған зергерлік бұйымдар, ең алдымен, жергілікті өндіріске жатады, бұған шеберханалардың қалдықтарының археологиялық деректері дәлел. Кейінгі кезеңдегі зергерлік бұйымдардың ұқсастығына келетін болсақ, олар бүкіл Қазақстанға тән болған. Бұл дәстүрлі білезік, сақиналар, әйелдер камзолына арналған қапсырмалар және т.б. Жартылай қымбат тастарға келетін болсақ, олардың кейбіреулері сырттан, басқалары жергілікті жерден әкелінуі мүмкін еді. Мұны Күлтөбеде жергілікті тастан жасалған дайындамалар мен ақаулы бұйымдар табылды. Мысыр фаянсынан жасалған моншақтар да бар, олар антикалық кезеңге жатады. Сонымен бірге, Түркістан және оның ежелгі бөлігі болып табылатын Күлтөбе қалажұрты, әр түрлі этностың шеберлері жиналып, өздерімен бірге жаңа білімді әкелетін, сол арқылы жергілікті өндірісті байытатын, әр түрлі қолөнер түрлеріндегі тәсілдер, стиль, технологияларды жетілдіретін полимәдени қала болғанын ұмытпауымыз керек.

Күлтөбеден табылған зергерлік бұйымдардың көп бөлігі әйелдерге арналған. Олжалар жинағына енген оюланған мыс сақина ғана ерлердікі болуы мүмкін. Сонымен бірге, тарихшылар көбінесе ерлердің сол құлағына бір сырғаны тұмар ретінде тағу дәстүрін, кейбір жағдайларда әскери мәртебені баса көрсететін ерекше белгі ретінде таққан. Бірақ ортағасырлық дала мәдениетінде ерлердің сырғалары өте қарапайым болды. Осы тұрғыдан алғанда, күлтөбелік сырғалары әшекейлі, тастан жасалған оюлармен безендірілген. Күлтөбелік зергерлік бұйымдардың әр түрлі материалдардан: алтын, күміс, жез, қола және мыстан жасалуына қарағанда, шеберлер металдардың барлық түрлерімен жұмыс істеген. Сонымен қатар, сүйектен жасалған бұйымдар да бар болған.

- Ерекше күлтөбелік зергерлік жинақты қай жерде және қашан көре аламыз?

- Күлтөбе қалажұртынан табылған барлық жәдігерлер жақын арада ел мұражайларына өткізіледі. Бұл туралы әзірге нақты ақпарат жоқ, мүмкін Түркістандағы жаңа мұражайда ұсынылады. Осы уақыт аралығында Қазақстан тарихына қызығушылық танытқан әрбір адам ең қызықты олжалар жинағымен www.kultobe.com веб-сайтында және әлеуметтік желілерде таныса алады.